Былтыр Украина – Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4,5 есе қысқарды – елші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Украина арасындағы экономикалық қатынас көлемі қысқарып, тауар айналымы 4,6 млрд доллардан 1 млрд долларға дейін төмендеген. 

Елордада «Украина – Қазақстан. Орталық Азия» бизнес форумы өтіп жатыр. Екі елдің бизнес өкілдері жиналған форумға Қазақстан мен Украинаның аймақтық мемлекеттік органдары, бизнес-қауымдастық өкілдері, инвестициялық компаниялар, қаржы институттары, несиелік ұйымдары қатысып отыр.

Украинаның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Иван Кулеба форум екіжақты бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында өтіп жатқанын және кәсіпкерлерге қандай да мәселе туындаса елшілік, жергілікті билік өкілдері көмектесуге дайын екенін атап өтті. Сонымен қатар, Украинаның Қазақстанға және Орталық Азия елдеріне тауар жеткізуде транзит мәселесінің салдарынан елдер арасындағы сауда айналымы қысқарғанын айтты.



«Бұл жиынға екі жақтан жұмыс істеуге деген қызығушылығы жоғары бизнес өкілдерінің жиналғанын қаладық. Елдер арасында экономикалық қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бизнесті тарту керек. Бұл екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтады. Украина транзитіне шектеу қойылғанға дейін Қазақстан мен Украина арасында сауда айналымы 4,6 млрд доллар болды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Украина мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 4,5 есе қысқарып, 1 млрд доллар болып қалды. Осы проблеманың орнын толтыру үшін осындай жиын ұйымдастырып, жаңа старт беруді жөн көрдік. Қазақстанда инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасалған. Бүгінде украиналық тауарларды Ресей арқылы Қазақстанға және Азияның басқа елдеріне жеткізу транзитін оңтайландыруды реттеу керек. Біз іс жүзінде украиналық компанияларға көмектесіп, бизнесін жүргізуге қолдау білдіргіміз келеді. Себебі қазір Қазақстан мен Украина үшін бизнесті дамыту – тұрғындарды әлеуметтік-экономикалық қолдау, мұғалімдердің, дәрігерлердің жалақысы, елдегі инфрақұрылым. Сондықтан бізден қорықпай, кез келген мәселе бойынша бізге жүгінуге болады. Елшілік жергілікті билік өкілдерімен кәсіпкерлерге бизнесін дамытуға қолдау көрсетуге әрқашан дайын», - деді дипломат.



Жиын барысында Украинадан Қазақстанға және басқа да Азия елдеріне және қарама-қарсы бағытта тауарларды жеткізу үшін көліктік-логистикалық инфрақұрылымды оңтайландыру, прогрессивті технологияларды, IT жобаларды, инновацияларды және инвестицияларды тарту, Қазақстан мен Украинаның бизнес өкілдері үшін өзара тиімді келісімдер жасасу, сонымен қатар проблемалық мәселелерді талдау көзделген. «Өнеркәсіптік тауарлар мен технологиялар», «Ауыл шаруашылығы, тамақ өнімдері», «IT технологиялары, инновациялар және қызметтер» салалық секцияларын өткізу жоспарлануда.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы