Былтыр отбасындағы зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел мен 7 бала көз жұмған
Елордада “Заңнамалық өзгерістер және қоғамда зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру” тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жиында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін заңды қатаңдату ұсынылып отырғанын айтты. Ол Президент “Егемен Қазақстанға” берген сұхбатында “заң және тәртіп” қағидатын нығайту қажеттігіне баса назар аударғанын айтты.
Президент отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық үшін жазаны одан әрі қатаңдату бойынша оң ұстанымын атап өтті. Бұл отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа жол бермеу мәдениетін қалыптастыру үшін өте маңызды. Жазасыздық көбінесе ауыр зардаптарға әкеліп жатады. Былтыр отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылық салдарынан 69 әйел, 7 бала көз жұмды. Зорлық-зомбылық үшін қатаң жаза қарастырылғанын бәрі білуі керек, - деді Зәкиева.
Оның сөзінше, заң жобасында зорлық-зомбылықты криминизациялау, яғни ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру үшін қылмыстық жауапкершілік және балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін, атап айтқанда, ұрып-соғу, азаптау, қатыгездік, денсаулыққа жеңіл, орташа, ауыр зиян келтіру және олардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдату ұсынылып отыр.
Зорлық-зомбылықтың алдын алу кешенді шараларды талап етеді. Ол үшін барлық қажетті норма көзделген, оның ішінде отбасыларға, балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын құру, қолдау орталықтарын, Балаларды психологиялық қолдау орталықтарын ашу, агрессормен психологиялық жұмыс, агрессорды пәтерден шығару және т.б., - деді Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.