Былтыр елімізде 58 мың адам мүгедек болып қалған

Былтыр елімізде 58 мың адам алғаш рет мүгедектік мәртебесін алған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас травматологы, академик Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов Ұлттық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Айтуынша, мүгедектіктің негізгі себептері: ауыр жарақаттар, жол-көлік оқиғасының салдары, сондай-ақ қанайналым жүйесінің дерттері мен қант диабеті сынды созылмалы аурулар.

Көптеген адам тірек-қимыл аппаратының жарақатынан кейін мүгедек болып қалады. Егер адамның аяқ-қолдары, қабырғасы немесе жамбасы сынған болса, оны қалпына келтіруге бірнеше жыл кетеді. Ондай кезеңде адам уақытша мүгедектікті рәсімдеуге құқығы бар. Мемлекет зардап шеккендерге барлық жағынан көмек көрсетеді, - деп түсіндірді Н.Ж. Батпенов атындағы Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының директоры Олжас Бекарисов.

Ал жалпы елімізде мүгедектігі бар 700 мыңдай адам тұрады.

Дәрігерлер мүгедектіктің алдын алу үшін скрининг пен ерте диагностикалау қолға алынғанын айтты.

Сонымен қоса жыл сайын мүгедектікті растау процедурасы диагнозға байланысты екені белгілі болды. Дәрігерлік-консультациялық комиссия организмдегі ауру деңгейін анықтаса, медициналық-әлеуметтік сараптама мүгедектіктің тобы мен оның неше жылға берілетін мерзімін анықтайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы