Былтыр елімізде 2 жарым мыңнан астам адам жол апатынан қаза болды

2024 жылы еліміздің жолдарында 30 мыңнан астам жол апаты болған екен. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 98,9 пайызға артық. Әкімшілік полиция комитетінің хабарлауынша жағдайдың бұлай өзгеруі жол көлік оқиғаларын тіркеуге қатысты болған өзгерістерге байланысты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұрынғы жылдары жол апатына түскен азаматтар медициналық көмекке жүгінбесе, ол жағдай статистикаға кірмейтін. Былтырдан бастап жолдағы кез-келген апат тіркелетін болды, көрсеткіштің күрт өсуі содан дейді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің өкілдері.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталындағы мәліметке сай, 2024 жылы елімізде 31 597 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Зардап шеккендердің саны 43 452 адам, олардың ішінде 2579-ы қаза болған. Жол апаты көп тіркелген аймақтардың көшін Алматы қаласы мен Алматы облысы бастап тұр. Былтыр онда шамамен 10 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Жол апаттары ең аз болған өңір Ұлытау облысы. 2024 жылы онда 264 оқиға тіркелген екен.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталынан

 

ІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, былтыр жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтауға бағытталған рейдтер мен арнайы операцияларды белсенді жүргізілген, оның ішінде жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығу, мас күйінде көлік жүргізу және басқа да заңбұзушылықтар бар.

18 шілдеде заңға қол қойылды, ол жылдамдықты шамадан тыс асыратын жүргізушілерге жауапкершілікті күшейтті, яғни жылдамдықты сағатына 60 шақырымнан жоғары асыру кезінде айыппұл 40 АЕК мөлшерінде бекітілді.

Ішкі істер министрлігі әкімшілік заңнаманы жетілдіру бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізіп келеді, көбінесе бұл әлеуметтік қажеттілікке байланысты. Біз әкімшілік кодекстің қолданыстағы нормалары бойынша айыппұлдарды мақсатты түрде көбейтпейміз. Бірақ заңдарды елемейтін тұлғаларға қатысты жауапкершілікті арттыру үшін жаңа нормалар енгізілуде. Сондай-ақ, қолданыстағы баптар бойынша айыппұлдардың емес, АЕК-тің өсіп жатқанын түсіндіру қажет. Бұл – табиғи экономикалық процесс, өйткені АЕК мөлшері тек айыппұлдарды есептеу үшін ғана емес, сонымен қатар әртүрлі әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін де қолданылады – дейді Сұлтанбаев.

Былтыр алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі жүргізушінің көлік құралын басқаруы немесе осындай адамға басқаруға рұқсат беру фактісі бойынша 22,9 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталған, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 11,7%-ға артық. Яғни, заң қатаңдатылып, қаншама қайғылы оқиғалар болып жатқанымен, жүргізушілер көлік тізгініне "ұрттап" алып отыруды қояр емес.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталынан

 

Сондай-ақ былтыр болған тағы бір өзгеріс - мопедтерді көлік құралдарына теңестіру туралы заңнама енгізілді. "Жол қозғалысы туралы" заңға сәйкес, мопедтер енді көлік құралдары ретінде қарастырылады (бұрын олар жол қозғалысына қатысушылардың басқа түрлері ретінде белгіленіп келген).

Қазіргі уақытта мопедтер үлкен мегаполистерде, әсіресе курьерлік қызметтер мен жалпы жастар арасында танымал көлік түріне айналды. Олардың санының жыл сайын артып, сәйкесінше мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары да жиілеген.

Мәселен, 2023 жылы "мопедшілердің" кінәсінен 643 жол апаты болды, оның 39-ы қаза тауып, 730 адам жарақат алды.

2024 жылы мопедтер қатысқан апаттар саны 2,5 есе өсті (643-тен 1 724-ке дейін), қаза тапқандар саны екі есеге артты (39-дан 75-ке дейін), жарақат алғандар саны үш есе артты (730-дан 1 841-ге дейін).

Қоғамда мопедтермен байланысты жағдайды реттеу қажеттілігі туралы сұраныс болды. Олар жиі жол-көлік оқиғаларының себепшісі болуда, бірақ жауапкершілік өте төмен еді. Құқықтық түзетулер енгізілгенге дейін біз мопед жүргізушілерін тек "басқа жол қозғалысы қатысушылары" ретінде жауапқа тарта алатынбыз, бұл жағдайда айыппұл мөлшері төмен болды (ҚР ӘҚБтК 615-бабы бойынша, айыппұл 2 АЕК немесе 7,3 мың теңге). Ал қазір біз оларды "толыққанды көлік құралдарын басқарушы" жүргізушілер ретінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тарта аламыз – дейді комитет төрағасы.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталынан

 

2025 жылы жол апаттарын болдырмауға бағытталған жұмыстар күшейтіле түспекші. Осы ретте полицейлерге бейнебақылау камералары көп көмегін тигізіп отыр екен. Жалпы елімізде қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін бас-аяғы 1 миллион 347 мың бейнекамера жұмыс істеп тұр.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы