Былтыр елімізде 172 мың баспана пайдалануға берілді

Өткен жылы елімізде 18,96 млн. шаршы метр тұрғын үй салынған. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылы қараша айында Президент «Тұрғын үй заңнамасын реформалау туралы» Заңға қол қойды. Аталған заң азаматтардың тұрғын-үй жағдайын жақсартуға мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін жетілдіреді. 

«Отбасы банкі» «Бір терезе» қағидаты бойынша мұқтаж азаматтар арасында тұрғын-үйді тіркеу және бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады. Реформа тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтарға баспана беру процесінің ашықтығын арттыру мақсатында жүргізілді.

Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық комитеті төраға орынбасары Қанат Тұрсынбайұлы үй құрылысы қарқынды дамып жатқан өңірлерді атады.

Президенттің тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Қазақстанда 18,96 млн. шаршы метр тұрғын үй салынды. Бұл – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тұрғын үй құрылысындағы рекордтық көрсеткіш. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 172 089 баспана пайдалануға берілді. Оның 39 064 жеке үй. Өңірлер арасында Шымкент қаласы, Павлодар, Түркістан және Қызылорда облыстары құрылыс қарқыны бойынша көш бастап тұр, - деді ол.

Заң аясында мемлекеттік тұрғын үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік алғандар бар.

Сондай-ақ осы заң аясында жалға берілетін мемлекеттік тұрғын үйлерде тұратын 71 мыңға жуық азаматқа пәтерлерін жекешелендіруге мүмкіндік берілді. Жалдамалы тұрғын үй иелерінің көпшілігі халықтың әлеуметтік осал топтары, ҰОС ардагерлері, мүгедектігі бар азаматтар, көп балалы отбасылар, жетім балалар. Әлеуметтік осал топтары санатындағы мұқтаж азаматтар үшін әкімдіктер 20 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Оның 13 мыңға жуық отбасы алғаш рет жеке баспананың иесі атанды. Қалған жұмыстар қазіргі таңда жүріп жатыр, - дейді Қанат Тұрсынбайұлы.

«Наурыз» және «Отау» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2024 жылы 10 мыңға жуық отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартқан. 64 мыңға жуық отбасын қолдауға мемлекет 1 трлн. теңге бөлген. Мемлекет жалдау ақысын субсидиялау және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беру бойынша қолдау көрсетуді жалғастырады.

Тағы бір айта кететіні, 2300 азаматқа ипотека бойынша бастапқы жарнаны жабу үшін тұрғын үй сертификаттары түрінде 2,6 млрд теңге бөлініп, 10,4 мың азаматқа тұрғын үйді жалға алғаны үшін жалдау ақысының бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй төлемдері субсидияланды, - деді спикер.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы