Былтыр азаматтарға әлеуметтік-еңбек саласында 12,4 млн мемқызмет көрсетілді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өткен брифингте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар мен олардың нәтижелері туралы баяндап берді.
Әлеуметтік салада 44 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде қызметтің 40-ы немесе 91 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Сондай-ақ 18 қызмет проактивті түрде жүргізіледі.
2020 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-еңбек саласында азаматтарға 12,4 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 7,8 млн-ы электронды форматта, - деп айтты ол.
Осы жылы министрлік электрондық қызмет түрін 93%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындауға және төлеуге байланысты процестерді цифрландыру бойынша тапсырма берді.
Тапсырма аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әлеуметтік саланың барлық қызметтеріне, соның ішінде карантин және шектеу шаралары кезінде электронды және проактивті форматта көрсетілген мемлекеттік қызметтерге талдау жасалды. Оның нәтижесінде қызметтерді электрондық немесе проактивті форматта ауыстырудағы, сондай-ақ электронды немесе проактивті форматқа ауыстырылған қызметтердің көрсетілудегі тежеуші факторларды анықтадық, - деп түсіндірді вице-министр Ербол Оспанов.
Бүгінгі күні көрсетілген қызметтердің электрондық үлесі орта есеппен 60% болса, ал проактивті түрде тек 14%-ды ғана құрап отыр.
Оспанов атап өткендей, тежеуші факторларды ескере отырып халыққа қызмет көрсету тәсілдері мен процестерін өзгерту бойынша жұмыс жүргізілді. Анықталған проблемаларды және халықаралық тәжірибелерді ескере келе процестерді тек қана жетілдіріп қана қоймай, сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсетуді реинжиниринг немесе трансформациялау, қажетті құжаттарды цифрлық форматқа ауыстыру және ақпараттық жүйені интеграциялау бойынша ұсыныстар әзірленді.
Мысалы, ала тууы бойынша жәрдемақы тағайындау қызметі бойынша алып қарайтын болсақ, 2020 жылы 425 587 бала дүниеге келді. Оның ішінде 58 298 ата-ана тек қана проактивті түрде алды. Бұл процестерде қандай да бір проблемалардың бар екендігін көрсетеді. Осыдан проблемаларды анықтау үшін талдау жүргіздік. Нәтижесінде бірқатар тежеуші факторлар анықталды. Бұл – базада туыстық байланыстар бойынша дұрыс емес мәліметтер, мобильді азаматтар базасында телефон нөмірін тіркемеу, азаматтар тарапынан SMS-хабарламаға жауаптың бермеу, банктік шоттардың дұрыс еместігі, азаматтардың өмірлік мәртебесінің өзгеруі, - деп атап өтті вице-министр брифингте.
Осы проблемаларды шешу барысында министрлік биыл проактивті қызмет көрсетудің бизнес процестерін қайта қарап, олардың көлемін кемінде 60%-ға жеткізуді көздеп отыр.