Былтыр алматылық 130 қаламгердің кітабы шықты

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылы Алматы әкімдігінің қолдауымен 130 алматылық қаламгердің кітабы жарық көрді. Бұл туралы Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет дәстүрлі әдеби жыл қорытындысы барысында айтты.

Басқарма төрағасы өткен жылы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай көптеген іс-шаралар өткізіліп, ақындардың шығармалары қайта басылып шыққанын жеткізді.

Сонымен қатар Алматы әкімдігінің қолдауымен қаладағы жүздеген қаламгердің кітабы жарық көргенін айтты.

Былтыр Алматыда тұратын 130 қаламгердің кітабы шықты, оның 30-ы жастардың кітабы. Былтыр желтоқсан айында Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен бұл кітаптардың тұсаукесері рәсімі өтті. Кітап шығару ісі биыл да жалғасын табады. Қазіргі қала әкімдігімен де келісіміміз бар. Жұрттың ұсынған кітабын біз ұсынып қойдық,-деді ол.

Ұлықбек Есдәулет сондай-ақ пандемияға қарамастан шетелдік Жазушылар одағы, баспалармен байланыстарын жалғастырып отырғандарын жеткізді.

Бұған дейін өткізілген Азия, Еуразия жазушыларының форумы кезінде жасалған меморандумдар өз нәтижесін көрсете бастады. Қырғызстандық достарымыз «Азияның алтын кітабы» деген үлкен антология дайындап, шығарды. Оған 30-ға жуық түркітілдес елдердің қаламгерлерінің шығармалары енген. Біздің елден 60-қа жуық ақын, жазушы еніпті,-деді Ұ. Есдәулет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы