Былтыр алматылықтар емханаға 9,9 млн рет барған

Астана, BAQ.KZ. Алматы тұрғындары өткен жылы емханаларға 9,9 млн рет барған. Осы азаматтардың үштен бірі дәрігерлер көмегіне бала денсаулығына байланысты жүгінген көрінеді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы хабарлады.

«Тәулік бойы жұмыс істейтін ауруханаларда ем қабылдаған 290 мыңға жуық адамның 70 мыңы балалар. Орта есеппен алғанда олардың әрқайсысы ауруханада 8 күн жатқан», - дейді Алматы филилы директорының орынбасары Жанар Кенжебаева.

Бір айта кетерлігі, осы науқастардың 60%-дан астамы ауруханаға шұғыл жағдайда жеткізілгендер.

Сонымен қатар, алматылық хирургтер 2018 жылы 109 мың ота жасаған. Операциялардың жартысына жуығы – шұғыл жағдайда жеткізілген науқастарға жасалыпты.

Хабарламаға сүйенсек, күндізгі стационарлар қызметін пайдаланғандар саны 108 мыңға жетіп жығылады. Оған қоса, оңтүстік астана дәрігерлері 43 мыңға жуық әйелді аман-есен босандырып алған.

Қалалық денсаулық сақтау саласында атқарылған жұмыстардың бір ұштығы профилактикалық шараларға келіп тіреледі. Филиал мәліметінше, өткен жылы алматылық дәрігерлер миллионнан астам скринингтік тексерулер өткізген. Профилактикалық мақсаттағы тексерулерден өткендердің ішінде 475 мың бала да бар.

«Сондай-ақ, 2018 жылы тексерілген 145 мың адамның 9 мыңынан қанайналым жүйесі ауруларының белгілері анықталған. 150 мың адамның мыңға жуығының қант диабетіне шалдыққаны белгілі болды», - деді Жанар Кенжебаев.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда мемлекеттік тапсырыс бойынша жұртшылыққа тегін кепілдендірілген медициналық көмек көрсетіледі. 2018 жылдан бастап аталған пакетті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қаржыландырады. Өткен жылы МСҚ Алматы қаласы бойынша халыққа тегін қызмет көрсеткен 171 клиникаға 99,5 млрд теңге төлеген болатын. Ал, 2019 жылы қала бойынша мемлекеттік тапсырысты орындайтын медицина ұйымдарының саны 185-ке жетіп отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы