Былтыр әлемде шамамен 130 журналист қаза тапқан
2025 жылы әлемде 128 журналист қаза тапты. Бұл туралы Халықаралық журналистер федерациясы (IFJ) мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ DW-ге сілтеме жасап.
Былтыр әлемнің әр өңірінде 128 журналист пен БАҚ саласының басқа да қызметкерлері көз жұмған, олардың ішінде 10 әйел бар.
Нақтылай айтқанда, бұл статистикаға жазатайым оқиғалар салдарынан болған тоғыз өлім де енгізілген. Салыстыру үшін айтсақ, IFJ дерегіне сәйкес, 2024 жылы әлемде 122 журналист қаза тапқан, олардың 14-і әйел болған.
2024 жылмен салыстырғандағы өсім журналистер үшін алаңдаушылық деңгейінің ең жоғары шегіне жеткенін көрсетеді, — деп пікір білдірді IFJ президенті Энтони Белланжер.
Ұйым биліктің "БАҚ қызметкерлерін қорғаудағы өзгермейтін әлсіздігін" қатаң сынға алып, 2026 жылы зорлық-зомбылық пен жазасыздықтың жалғасып келе жатқан тізбегін тоқтату үшін "шұғыл әрі батыл шаралар қабылдауға" шақырды.
Журналистер өлімі жөніндегі деректердегі айырмашылықтар
БАҚ қызметкерлерінің қаза табу деректерін тіркеу 1990 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт аралығында IFJ әлем бойынша жалпы 3173 журналистің қаза тапқанын тіркеген. Сондай-ақ федерация 2025 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша әлемде 533 журналист түрмеде отырғанын мәлімдеді. Олардың ең көбі — 143 журналист Қытайда қамауда. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 516 болған.
IFJ ұсынған журналистер өлімі жөніндегі статистика "Шекарасыз репортерлер" (RSF) ұйымының деректерінен өзгеше. Аталған үкіметтік емес ұйымның мәліметінше, 2025 жылы кәсіби міндетін атқару кезінде әлемде 67 БАҚ қызметкері қаза тапқан. Ал UNESCO дерегінде бұл көрсеткіш 93 адамды құрайды.
Сондай-ақ БҰҰ Газаны тарихтағы барлық қарулы қақтығыстардың ішінде баспасөз үшін ең қауіпті аймақ деп атаған.