Былтыр 22 мың адам Қазақстан азаматтығын алды - ІІМ
Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің апталық брифингінде белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Белгілі болғандай, жыл сайын 20 мыңға жуық тілек білдірушілер ел азаматтығын алу мәселесі бойынша жүгінеді.
Тәуелсіздік жылдары бір миллионнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды. Ал өткен жылы – 22 мың адам, оның ішінде ҚР Президентінің Жарлығымен – 1375, жеңілдетілген тәртіппен – 20 мыңнан астам адам азаматтыққа қол жеткізді. Оның ішінде 17,5 мыңнан астамы, яғни 17 676-ы қандас, Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша - 1287, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы Конвенция бойынша – 1777. ІІМ БҰҰ БЖКБ-ның Қазақстандағы өкілдігі және ҮЕҰ-мен бірлесіп екі жыл ішінде құжатсыз және азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және тіркеу бойынша кең ауқымды акция өткізді, - деп атап өтті ведомствоның өкілі Шұғыла Тұрлыбек.
Айтуынша, акция нәтижесінде азаматтығы жоқ, құжаттары жоқ 8 мыңнан астам адам анықталған.
Оның ішінде 5 мың адам Қазақстан азаматтығына жататынын растады және жеке куәліктер рәсімделді. 3 мыңнан астамы – азаматтығы жоқ адамның куәлігі берілді. Айта кету керек, Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды, сондықтан мұндай фактілерді анықтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда. Заңнамада еліміздің азаматтығынан айырылған адамның ҚР азаматының паспортын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны үшін, сондай-ақ заңнамада белгіленген хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Қос азаматтығы бар фактіні жасырғаны үшін 200 АЕК-ке дейін айыппұл салу не ҚР шегінен шығару көзделген. Мәселен, өткен жылы қос азаматтығы үшін 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соттардың шешімдерімен 138 адам елден шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.
Сондай-ақ ол соңғы бес жылда тиісті заңнаманы бұзған қанша азаматқа жауапкершілік жүктелгеніне тоқталды.
Соңғы бес жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3515 адам жауапқа тартылды, оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Барлығының қазақстандық азаматтығы жойылды. Биыл қос азаматтық фактілерінің алдын алу үшін екінші азаматтығын жасырғандарға жауапкершілікті қатаңдату үшін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жоспарлануда. Өзге азаматтықты қабылдау кезінде зардаптардың болмауын қамтамасыз ету мақсатында басқа елдерге кеткен және өзге де азаматтықты қабылдаған Қазақстанның бұрынғы азаматтары 30 тәулік ішінде азаматтығын жоғалтуды тіркеу үшін Қазақстанның консулдық мекемесіне жүгінуі қажет, - деді ІІМ өкілі.