Былтыр 1500-ден астам баланың құқығы қалпына келтірілді

Оқу-ағарту министрлігінің тексеру нәтижелері бойынша 1500-ден астам баланың құқығы қалпына келтірілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2024 жылы өткізген тексерістің қорытындысын шығарды.

Барлығы 18 өңірде 342 ұйым тексерілді, оның ішінде 120-сы жергілікті жерде және 58-і жоспардан тыс бақылау аясында тексерілді.

Тексерулер орта білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерін, соның ішінде жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарды, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған мамандандырылған мекемелерді қамтыды.

Анықталған заң бұзушылықтар нәтижесінде 24 әкімшілік хаттама толтырылып, 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды, 133 ұйғарым шығарылып, оларды жою бойынша 164 ұсыным жолданды.

Бұдан бөлек, 78 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Тексерулер жергілікті атқарушы органдар тарапынан балалардың құқықтарын қорғау саласында заң бұзушылықтардың бар екенін көрсетті. Бұл заңнаманың сақталуын бақылауды күшейтудің және олардың білім алуы мен тәрбиеленуі үшін қауіпсіз орта қалыптастырудың маңыздылығын айғақтайды. Жүйенің барлық қатысушылары балалардың құқықтары мен әл-ауқаты үшін жауапты, ал олардың басты міндеті – әрбір баланы қорғау, қолдау және оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, – деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде ҚР Оқу-ағарту министрлігі 1500-ден астам баланың келесі құқықтарын қалпына келтіруді қамтамасыз етті:

• Тұрғын үй құқығы – жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін тұрғын үйге меншік немесе пайдалану құқығын сақтау.

• Мүліктік құқықтар – кәмелетке толмағандардың активтері мен заңды мүдделерін қорғау.

• Отбасында өмір сүру және тәрбиелену құқығы – балалардың мүдделерін шектейтін заңсыз шешімдердің алдын алу.

• Білім алу құқығы – тиісті деңгейдегі білімге, соның ішінде қосымша білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету.

• Психологиялық-педагогикалық қолдау – балалардың үйлесімді дамуына ықпал ететін білім беру ортасында сүйемелдеу.

• Психологиялық әл-ауқат – білім алушылардың эмоционалдық және менталдық денсаулығын нығайтуға бағытталған шаралар.

Қосымша түрде балалардың денсаулығына ықтимал қауіптердің алдын алу мақсатында білім беру мекемелерінде тамақтануды ұйымдастыру бойынша ұсынымдар берілді.

Бұл нәтижелер балалардың құқықтарын қорғау және бақылау тетіктерін күшейту бойынша жүйелі жұмысты жалғастырудың маңыздылығын атап көрсетеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Өзгелердің жаңалығы