Бұзылған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша кен орындары аукционға шығарылады – ИИДМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қатты пайдалы қазбалардың барлық кен орындарына (уранды қоспағанда) тексеру жүргізіп жатыр. Қабылданып жатқан шаралар инвестицияны арттыруға бағытталған.
2022 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша міндеттемелерді орындау деңгейі төмен 148 келісімшарт анықталып, 31 келісімшартты және 3 лицензияны бұзу бойынша шаралар қабылданды.
Бұзылған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша кен орындары аукционға шығарылады. Тиісті ақпарат ҚР ИИДМ интернет ресурсында, сондай-ақ республикалық БАҚ-тарда жарияланады.
Тексеру барысында жаңа өндірістер құру бойынша қосымша міндеттемелер қабылдауға қатысты жүйелі түрде толық қаржыландырылмаған келісімшарттардың құқықтық мирасқорларына-инвесторларға ерекше назар аударылады.
Келісімшарт бойынша міндеттемелерді тиісінше орындаудың мысалы ретінде "KAZSILICON "МК" ЖШС келтіруге болады. Бұл кәсіпорын осы айда жылдық қуаты 6 мың тонна болатын жоғары сапалы техникалық кремний өндіретін зауытты іске қосуды жоспарлап отыр. Инвестициялардың жалпы көлемі 3,9 млрд теңгені құрап, зауытта 200 жұмыс орны ашылады. Өнім әлемнің 20-дан астам еліне экспортқа шығарылып, жоғары сапалы техникалық кремнийдің әлемдік нарығында жетекші орын алуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру кезінде қазақстандық қамту көлемі 80%-дан асады.
Қатты пайдалы қазбалардың кен орындарын тексеру барысы ҚР Үкіметінің ерекше бақылауында тұр.