Бұзақылық пен жаппай тәртіпсіздіктер елге еш абырой әкелмейді – Исаев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы зейнеттегі криминалист Серік Исаев айтты. Алматыдағы жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты ардагер полицияның пікірін білген едік.
Жалпы ішкі істер органдарына 1979 жылы келдім. Басында жұмысқа лаборант болып кіріп, кейін милиция, сарапшы, бөлім басшысынан криминалдық департамент директорына дейінгі қызметтерді атқардым. 1997 жылға дейін Алматыда еңбек етіп, одан кейін қызмет бабымен жаңа елордаға ауыстым. 2010 жылдан бастап құрметті демалыстамын, яғни зейнеткермін, - деді Серік Исаев.
Серік Мағзұмұлы айтқандай, бейбіт митинг барлық елде болады.
Оны өткізудің ережелері де бар. Біздегі жағдайға келсек, басы бейбіт шеруден басталып, соңы жаппай тәртіпсіздіктерге ұласты. Бұл дұрыс емес. Алыс-жақын елдерде болып жатқан түрлі деңгейдегі төңкерістерден-ақ соңы немен аяқталатынын көріп жүрміз. Бұзақылық пен жаппай тәртіпсіздіктер елге еш абырой әкелмейді. Керісінше, елдің дамуына артқа 20-25 жылға шегеріп тастайды. Біз өз-өзімізді тонадық деген сөз. Себебі, қираған дүниені қайта қалпына келтіру керек. Ол үшін мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінеді. Ал мемлекеттік бюджет айналып келгенде халықтың қазынасы. Оның үстіне кейбір бұзақылар ісін мойындамай жатыр, сонда кім оны істеген? Сол өзіміздің тұрғындар, - деді Серік Исаев.
Исаевтың айтуынша, өскелең ұрпақ арасында идеологиялық жұмыстарды жиі ұйымдастыру қажет.
Әрине, кез келген азаматтың заң бойынша талап етуге құқығы бар. Бірақ, шектен шықпау керек. Қарап отырсаңыз, алаңға шыққандардың дені жас азаматтар. Сондықтан да айтарым, жастар арасында түсіндіру жұмысын жандандырған жөн. Мемлекет белгілі бір жағдайда күш көрсете алады. Керек болса, күш қолдану керек. Ол халықты қыру деген сөз емес, керісінше қалың жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Менің ойымша, жаппай тәртіпсіздіктердің алдын алуға болар еді, бірақ мүмкіндікті уыстан жіберіп алды. Бұзақы жасаушылар мемлекеттен, биліктен сескенгені жөн. Себебі биліктің қолы ұзын. Ал біздікілер болса, жұмсақтық танытты, - дейді ол.
Сонымен қатар Исаев ішкі істер органдары қызметкерлерінің мәртебесін көтеру керектігін де атап өтті.
Біздің кезімізде «милиция» деген сөзбен бәрі қорқатын. Ол сыйлы мамандық еді. Қазір жағдай басқаша. Олардың мәртебесін өсіріп, халықтың құқық қорғау органдары қызметкерлеріне деген ойын өзгерту керек. Сонымен қатар тәртіп сақшыларын жұмысқа алу талабын қатаңдату да керек. Өз басым милиция болу үшін 3-4 жыл резервте тұрдым, содан соң ғана бұйырды, - деді ол.