Бұйрықтың аты бұйрық. Қаңтарда ерлік көрсеткен Ұлан Мырзабай марапатталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған республикалық патриоттар форумында Ұлан Мырзабай марапатталды.
Ол «Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» бағыты бойынша «Жыл патриоты» номинациясымен марапатталды. Бұл марапатты оған Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов табыстады.
Ұлан Мырзабай - гвардияшы, Ақтөбе қаласындағы қаңтар оқиғасы кезінде Отан алдындағы борышын абыроймен орындап, ерлік көрсеткен патриот.
Сонымен қатар патриоттар форумында сегізінші қабаттан үш жасар қызды өз өмірін қатерге тігіп құтқарған Сәбит Шонтақбаев та марапатталғанын хабарлаған болатынбыз.
Салтанатты жиынға көрнекті мәдениет өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар және т.б. қатысып жатыр.
Салтанатты жиында «Ғылым және білім», «Мәдениет және спорт», «Медицина және волонтерлік», «Өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы», «Технология және бизнес» және «Ерекше ерлік көрсеткен азаматтар» номинациялары бойынша ерекше көзге түскен азаматтар марапатталып жатыр.
Осыған дейін Дәурен Абаев Біз әрқашан Туымызды, Әнұранымыз бен Елтаңбамызды мақтан тұтатынымызды айтты.