БҰҰДБ Қазақстан дамуының келесі кезеңі қандай болатынын айтты
БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстанның адами даму, цифрландыру, экономика және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі салаларындағы ілгерілеуін атап өтті.
Қазақстанның жаңа Конституциясы елдің даму бағытындағы маңызды өзгерісті айқындап, адами капиталды, инновацияны, білімді және табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалануды ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты дамудың негізгі басымдықтарының қатарына қояды. Бұл туралы National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумында БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жаңа Конституция – Қазақстанның даму көзқарасындағы маңызды эволюция. Ол адами капиталды, инновацияны, білімді және табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалануды ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты дамудың өзегіне қояды. Сондай-ақ мықты институттар мен тиімді басқарудың маңызын арттырады, – деді Катаржина Вавьерниа.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл БҰҰДБ-ның Тұрақты даму мақсаттары аясындағы ұстанымымен тығыз үндеседі.
Қазақстан адами даму көрсеткіштерін айтарлықтай жақсартты
Вавьерниа Қазақстанның қызметтерге, инфрақұрылымға және экономикалық мүмкіндіктерге қолжетімділікті кеңейту бағытында елеулі ілгерілеуге қол жеткізгенін атап өтті.
Оның дерегінше, 1990 жылдан бері Қазақстанның Адами даму индексі 21%-дан астам өсіп, ел адами даму деңгейі өте жоғары мемлекеттер санатына енді.
Экономикада да оң динамика байқалады.
Соңғы бес жылда жалпы ішкі өнім 55%-дан астам, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 45%-ға өсті. Бұл – маңызды жетістіктер, – деді БҰҰДБ өкілі.
Оның айтуынша, Қазақстан қазір дамудың келесі кезеңіне өтіп жатыр. Бұл кезеңде басты назар тек қолжетімділікті кеңейтуге емес, сапаны, өнімділікті және ұзақ мерзімді тұрақтылықты арттыруға аударылады.
Өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады
Вавьерниа әлеуметтік саладағы өзгерістерге де тоқталды.
Ол Қазақстанда аса кедейлік іс жүзінде жойылғанын, ал өмір сүру ұзақтығы бес жылдан астамға ұлғайып, бүгінде шамамен 76 жасқа жеткенін атап өтті.
Сонымен қатар ана мен бала өлімі көрсеткіштері төмендеп келеді.
Адамдардың ұзақ өмір сүруі денсаулық сақтау сапасына, профилактикаға, салауатты қартаюға және тұрақты әлеуметтік қорғау жүйесіне бұрынғыдан да көбірек назар аударуды талап етеді, – деді ол.
Вавьернианың айтуынша, алдағы уақытта әлеуметтік мобильділікті дамыту, жұмыспен қамту сапасын арттыру және халық табысының тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады.
Білім мен дағды жаңа экономикаға жұмыс істеуі керек
БҰҰДБ өкілі адами капиталды дамытуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.
Ол Қазақстанда біліммен қамту деңгейі жоғары болғанымен, жаңа жағдайда азаматтардың нақты қандай білім мен дағды алатыны ерекше маңызға ие екенін айтты.
Бүгін мәселе адамның білім беру жүйесінде қанша жыл өткізгенінде ғана емес, оның қоғамға және еңбек нарығына қандай білім, дағды мен қабілет алып келетініне байланысты. Бұл цифрлық трансформация мен жасанды интеллект дәуірінде бұрынғыдан да маңызды бола түседі, – деді Вавьерниа.
Оның айтуынша, жұмыссыздық деңгейі шамамен 4,5% болған жағдайда назар біртіндеп жұмыс орындарының санынан олардың сапасына, өнімділігіне және жоғары қосылған құн қалыптастыруына ауысып келеді.
Осыған байланысты білім, дағды, инновация және жұмыспен қамту біртұтас даму тізбегі ретінде қарастырылуы тиіс.
Қазақстан цифрлық мемлекет бойынша әлемдік көшбасшылар қатарында
Вавьерниа Қазақстанның цифрлық даму деңгейін де жоғары бағалады.
Оның айтуынша, Қазақстан электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша әлемдегі жетекші 25 мемлекеттің қатарына кіреді.
Елде цифрлық байланыс кеңейіп, мемлекеттік қызметтер барған сайын технологиялық сипат алып келеді.
Қазақстан жаңғыру үшін қажетті физикалық және цифрлық негізді табысты қалыптастырды. Келесі кезеңде осы негізді ішкі инновацияларға, технологиялық мүмкіндіктерге және өнімділіктің өсуіне айналдыру қажет, – деді ол.
БҰҰДБ пікірінше, бұл үшін ғылым, университеттер, бизнес пен өнеркәсіп арасындағы байланысты күшейтіп, ел ішінде технологияларды әзірлеуге, коммерцияландыруға және кең ауқымда енгізуге жағдай жасау қажет.
БҰҰДБ энергетикадағы ілгерілеуді атап өтті
Баяндаманың жеке бөлігі энергетика мен табиғи ресурстар мәселесіне арналды.
Вавьерниа Қазақстанда электр энергиясына жаппай қолжетімділік іс жүзінде қамтамасыз етілгенін, ал электр энергиясын өндірудегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі екі еседен астам өсіп, шамамен 7%-ға жеткенін айтты.
Оның пікірінше, энергетиканы одан әрі дамыту технологиялық жаңғыруды, тұрақтылықты және энергетикалық қауіпсіздікті қатар қамтуы тиіс.
Осындай кешенді тәсіл су ресурстарын басқаруда да қажет.
Қазақстан үшін су мәселесін ауыл шаруашылығынан, азық-түлік қауіпсіздігінен, энергетикадан, климаттан және экожүйелерден бөлек қарастыруға болмайды. Сондықтан кешенді тәсілдің маңызы артып келеді, – деді БҰҰДБ өкілі.
2050 жылға қарай егде жастағы адамдар саны 3 миллионнан асады
Форум аясында Вавьерниа БҰҰДБ мен Денвер университетінің Парди орталығы бірлесіп жүргізген Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына арналған сценарийлік модельдеу нәтижелерін де таныстырды.
Сарапшылар бес бағытты қарастырған: экономикалық өсім, адами капитал, институционалдық реформалар, климаттық тұрақтылық және интеграцияланған сценарий.
Вавьернианың айтуынша, модельдеу нәтижесі ең тұрақты көрсеткіштер экономикалық өсім адами капиталдың дамуымен және мықты институттармен қатар жүрген жағдайда қалыптасатынын көрсеткен.
Мықты институттар, саясаттың болжамдылығы, есептілік және азаматтардың қатысуы дамудың барған сайын маңызды факторларына айналып келеді, – деді ол.
Зерттеуде демографиялық өзгерістерге де ерекше назар аударылған.
Болжам бойынша, 2050 жылға қарай егде жастағы адамдар саны 3 миллионнан асады. Сонымен бірге халықтың жалпы саны да өсе береді. Бұл денсаулық сақтау, күтім, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылым және жұмыспен қамту салаларына деген сұранысты өзгертеді, – деді Вавьерниа.
Оның айтуынша, білімге, денсаулық сақтауға және дағдыларды дамытуға салынған инвестиция тек әлеуметтік емес, экономикалық инвестиция ретінде де қарастырылуы керек. Өйткені бұл елдің өнімділігі мен бәсекеге қабілеттілігіне тікелей әсер етеді.
Қазақстан болашақтағы өзгерістерге алдын ала дайындалуы керек
Сөзінің соңында БҰҰДБ өкілі алдағы дамудың бірнеше маңызды бағытын атады. Олардың қатарында білім, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, адами капитал мен инновация арасындағы байланысты күшейту, табиғи ресурстарды кешенді басқару және озық мемлекеттік басқару жүйесін дамыту бар.
Демографиялық, технологиялық, климаттық және урбанистік өзгерістер қазірдің өзінде жүріп жатыр. Саясат бұл өзгерістер болғаннан кейін ғана әрекет етпей, оларды алдын ала болжауы керек, – деді ол.
Вавьернианың айтуынша, Қазақстан дамуының келесі кезеңі экономика, адами капитал, институттар және табиғи ресурстарды тұрақты басқару бағыттарының қаншалықты үйлесімді дамитынына байланысты болады.
National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумы 21 тамызда Астанада өтіп жатыр. Қатысушылар тұрақты даму, адами капитал, цифрлық трансформация, қоғамдық тұрақтылық және өзгеріп жатқан әлемдегі Қазақстанның орнын талқылап жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін National Think Tank Forum «Болашақ проекциясы: нәтижелерді пайымдаудан жаңа күн тәртібіне» форумы аясында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Жұлдызай Ысқақова Қазақстан жастары цифрлық өзгерістерге Батыс жастарына қарағанда ашық екенін мәлімдеді.
Тағы оқи отырыңыз: Қазақстан жаңа демографиялық ахуалға дайындалуда – ҚҚДИ