БҰҰ Украинаға көмекке 1,7 млрд доллар сұрады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҰҰ Украинаға гуманитарлық көмек көрсету үшін әлемдік қауымдастықтан 1,7 млрд доллар сұрап отыр, деп хабарлады 24.kz.

 

Халықаралық бірлестік өкілдерінің пайымдауынша, алдағы айларда ел ішіндегі 12 миллион адам және көрші мемлекеттердегі тағы 4 миллион украиналық босқын жәрдемге мұқтаж болуы мүмкін. Осының алдында ғана Қызыл Крест өкілдері де ұйым донорларынан 270 миллион доллар қаржылай көмек сұраған еді. Өйткені олар Украина мен көрші елдерде гуманитарлық ахуал күрт нашарлап бара жатқанын айтады.

Украинада әскери іс-қимылдар салдарынан қаншама адам зейнетақысын ала алмай отыр. Қаншама тұрғын медициналық көмектен құр қалды. Біз жиналған ақшаға ел ішіндегі және көрші мемлекеттерге босып кеткен украиналықтарды тамақпен және баспанамен қамтамасыз етеміз. Психологиялық жәрдем береміз. Медициналық көмек көрсетеміз. Қазір осы бағытта 119 гуманитарлық агенттікпен жұмыс істеп жатырмыз. Бір күн бұрынғы ақпарат бойынша Украинадан кеткен босқындардың саны 520 мың болатын. Бір тәулік ішінде ол сан 680 мыңға дейін жетті, – деп мәлімдеді БҰҰ Бас хатшысының гуманитарлық сұрақтар жөніндегі орынбасары Мартин Гриффитс.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы