БҰҰ рейтингі: Қазақстан адам дамуы индексі бойынша ТМД және Орталық Азияда көш бастады
БҰҰ рейтингі Қазақстанды әлемдегі адам дамуы ең жоғары елдердің қатарына қосты. Ел қандай көрсеткіштермен ерекшеленді?
Қазақстан адам дамуы индексі (HDI) бойынша ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орынға шығып, әлемдегі ең жоғары көрсеткішке ие мемлекеттердің қатарына енді.
Ranking.kz мәліметінше, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) 2025 жылғы баяндамасында (2023 жылғы деректер негізінде) Қазақстан 193 елдің ішінде 60-орынға жайғасқан. Елдің адам дамуы индексі 0,837 болып, адам дамуы өте жоғары мемлекеттер санатына енді.
Аталған рейтингте Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Одан кейін Ресей (0,832), Беларусь (0,824) және Армения (0,811) орналасқан. Ал Әзербайжан, Молдова, Украина, Түрікменстан, Өзбекстан және Қырғызстан адам дамуы жоғары елдер тобына кірген.
Баяндамаға сәйкес, Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы – 74,4 жыл. Күтілетін оқу ұзақтығы 14 жылды, ал орташа оқу ұзақтығы 12,5 жылды құрады. Сатып алу қабілетінің паритеті бойынша жан басына шаққандағы жалпы ұлттық табыс 30,9 мың АҚШ долларынан асты.
Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанның көрсеткіші әлемдік орташа деңгейден де, Еуропа және Орталық Азия өңірінің орташа көрсеткішінен де жоғары. 2023 жылы әлем бойынша орташа HDI 0,756, ал Еуропа мен Орталық Азияда 0,818 болған. Қазақстанның көрсеткіші тиісінше 0,081 және 0,019 тармаққа жоғары.
БҰҰДБ баяндамасы биыл «Таңдау мәселесі: жасанды интеллект дәуіріндегі адамдар мен мүмкіндіктер» тақырыбымен жарияланды. Құжатта жасанды интеллектінің адам дамуына ықпалы мемлекеттердің қабылдайтын шешімдері мен технологиялардың қолжетімділігіне тікелей байланысты екені айтылған.
Соңғы жылдары Қазақстан цифрлық трансформация бағытын күшейтіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін қойған болатын. Осы мақсатта жасанды интеллект саласын дамыту, Digital Qazaqstan тұжырымдамасын іске асыру және Alatau City сияқты жаңа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, цифрландыру, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамыту Қазақстанның адам дамуы индексі бойынша жоғары позициясын сақтап, оны одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.
- 29 перзентханада санитарлық режим бұзылған – Денсаулық сақтау министрлігі 09.09.2026
- Артық жүк жолды тоздырып жатыр: «ҚазАвтоЖол» 870 мың заң бұзушылықты тіркеді 09.09.2026
- Астанаға ағылған халық: 6 айда елордаға 32 мың адам көшіп келген 09.09.2026
- Қазақстан мен Әзербайжан пароммен жолаушылар тасымалын қайта бастайды 09.09.2026
- Алматы облысында 18,1 млрд теңгелік жылыжай кешені бой көтеріп жатыр 09.09.2026
- Жаңбыр мен аптап ыстық: 10 қыркүйекте бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды 09.09.2026
- Жүргізушілерге ескерту: Астанада маңызды жол учаскесі 6 күнге жабылады 09.09.2026