БҰҰ Қазақстандағы агросаланы дамытуға мүдделі
Астанада Ауыл шаруашылығы министрлігі мен БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) өкілдері қатысқан дөңгелек үстел өтті. Онда ФАО - Қазақстан әріптестік бағдарламасы аясындағы перспективалық жобалар талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2018 жылдың шілдесінде Қазақстан ФАО-мен негіздемелік келісім рәсімдеп, соның аясында ФАО-Қазақстан әріптестік бағдарламасын ратификацияланған болатын. Бағдарламаны еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландырып, агросаланы қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына арналған жоспар құрылған еді. 2024 жылдың қазан айында Қазақстан ФАО-ның мақсатты қорына 1,93 миллион АҚШ доллары көлеміндегі алғашқы жарнасын аударып, бағдарлама ресми түрде бастау алды.
2024 жылы екі маңызды стратегиялық жоба мақұлданған болатын, олар: 2,6 млн долларға жоспарланған "Тұқым сұрыптары" және 2,5 млн доллар көлеміндегі "Деградацияға ұшыраған жерлерді қалпына келтіру және тиімді пайдалану технологиялары". ФАО Бас директорының орынбасары, Еуропа және Орталық Азия бойынша өңірлік өкілі Виорел Гуцу Қазақстанның агроөнеркәсіптік сектордағы айтарлықтай әлеуетін айтып, ауыл-аймақтардың тұрақты дамуы үшін ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.
Қазақстан ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды белсенді түрде енгізуде, қаржыландыру мен инвестицияға қолжетімділікті жақсартуда. ФАО-Қазақстан әріптестік бағдарламасы азық-түлік қауіпсіздігін жақсартуға, агробизнесті цифрландыруға, ресурстарды тұрақты басқаруға және экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталған. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді, - деп атап өтті Виорел Гуцу.
Бүгінгі күні Қазақстан мен ФАО арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестік бағдарламасының аясында тұқым шаруашылығы мен жердің тозуына қатысты бірқатар бастамалар жүзеге асырыла бастады. Ал жалпы ұйым Қазақстанда 55 түрлі жобаны іске асырып жатыр.
Министрлік агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, топырақтың құнарлылығын арттыру, су ресурстарын ұтымды пайдалану және ауыл шаруашылығына инновациялық шешімдерді енгізу бойынша ФАО бағдарламаларына белсенді қатысуға ниетті. Біздің тараптан жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйе мен геоақпараттық жүйені әзірлеу және енгізуге қызығушылық бар, – деп атап өтті Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.
Дөңгелек үстел барысында алдағы уақытта қолға алынуы мүмкін жұмыстардың жайы пысықталды. Болашақта ФАО-ның көмегімен елімізде зиянкестермен күрес, төрт түлікті туралы ақпараттарды сәйкестендіру, жануарлардың қозғалысын қадағалау бағыттары бойынша жобалар іске асырылуы мүмкін.
Халықаралық ұйымның өкілдері осындай бірлескен шаралардың арқасында азық-түлік қауіпсіздігі мен азаматтардың денсаулығына қатысты күрделі мәселелердің шешімін табуға болатынын айтады.