БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне реформа керек – Тоқаев
AIF-2025 халықаралық форумында сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ құрылымдарын заман талабына бейімдеудің маңыздылығына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда әлем тұрақсыздық пен кереғарлыққа толы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатыр. Бұл жағдайда трансұлттық сипатқа ие сын-қатерлерге қарсы жаһандық деңгейде тиімді әрі бірізді жауап қату қажеттігі артып келеді. Алайда қазіргі халықаралық институттардың жұмысы бұл талаптарға сай келе бермейді.
Біз бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлер трансұлттық сипатқа ие. Десек те, оған қарсы әрекетімізде бірізділік жоқ. Сондықтан жаһандық ынтымақтастық үшін құрылған институттар осы жағдайларға бейімделуі қажет. Қазақстан орта державалар әділетті әрі инклюзивті әлемдік тәртіптің орнауына мүдделі болуы керек деп санайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 2025 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толатынын еске сала келе, бұл ұйымның тарихы мен қазіргі жағдайын салыстырды. 1945 жылы 51 мемлекет бірігіп құрған Ұйым бүгінде 193 елді біріктірген жаһандық құрылымға айналғанымен, оның негізгі тармақтары, әсіресе, Қауіпсіздік Кеңесі сол қалпында қалып отыр.
80 жыл бұрын жасалған институционалды құрылым мен қазіргі заман арасында алшақтық көп. Бұл Ұйымға және оның тиімділігіне деген сенімге селкеу түсіреді. Миллиардтаған адамның тағдырына әсер ететін аса маңызды шешімді бірнеше елдің қабылдағаны дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтіп, оған әлемнің әр өңірінен өкіл қосу туралы ұстанымды қолдайды, - деді Президент.
Президенттің айтуынша, БҰҰ өзектілігін жоғалтпай, қазіргі заманның талаптарына сай болуы үшін Қауіпсіздік Кеңесіне құрылымдық реформа жасалуға тиіс. Алпауыт елдер бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға бейіл екенін анық білдіруі керек.
Бәріміз БҰҰ Жарғысын мүлтіксіз сақтауымыз қажет. Оның негізгі принциптеріне үстірт немесе немқұрайлы қараудан аулақ болуымыз керек. Сонда ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының абырой-беделіне деген сенімді қалпына келтіре аламыз, - деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, AIF-2025 форумы өз жұмысын бастайтыны туралы жаздық. Ауқымды іс-шара Астанада өтіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AIF-2025 әлемде белгісіздік белең алған кезеңде өтіп отырғанын, сондай-ақ Қазақстан 450 ядролық сынақтың зардабымен әлі күнге дейін бетпе-бет келіп отырғанын атап өтті. Президент жиын барысында Қазақстан қандай қағидатты қатаң ұстанатынын, сонымен қатар еліміз жасанды интеллектіні дамытуға ерекше мән беретінін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада өтіп жатқан AIF-2025 форумында елімізде қандай реформалар жүргізілгенін атады.