29 Шілде 2026, 10:05 Фото: Anadolu Agency

БҰҰ: Пәкістан мен Ауғанстан қақтығыстарында 500-ге жуық бейбіт тұрғын қаза тапты

БҰҰ дерегінше, тоғыз ай ішінде қақтығыстардан тағы 1 216 бейбіт тұрғын түрлі жарақат алған.

2025 жылғы 1 қазан мен 2026 жылғы 30 маусым аралығында Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы қарулы қақтығыстар салдарынан Ауғанстан аумағында 499 бейбіт тұрғын қаза тапты. Бұл туралы Ауғанстанға жәрдем көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясы (UNAMA) мәлімдеді.

Миссияның мәліметінше, аталған кезеңде екі ел арасындағы қақтығыстар кезінде Ауғанстанда 499 бейбіт тұрғын көз жұмып, тағы 1 216 адам жараланған.

Шекара дауы мен терроризм мәселесі

Ауғанстан екі ел арасындағы мемлекеттік шекара ретінде саналатын Дюранд сызығын ресми түрде мойындамайды. Осыған байланысты тараптар арасында ара-тұра шекаралық даулар туындап, олар қарулы қақтығыстарға ұласып, адам шығынына себеп болып келеді.

Сонымен қатар, көршілес екі ел арасындағы қарым-қатынасты түрлі қарулы топтардың әрекеті де күрделендіріп отыр. Исламабад «Техрик-и-Талибан Пәкістан» (ТТП) қозғалысы Ауғанстан аумағында орналасып, шабуылдарын сол жерден үйлестіреді деп мәлімдейді. Ал ауған билігі бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Пәкістан билігі ТТП тарапынан жасалған террорлық шабуылдарға жауап ретінде ара-тұра Ауғанстан аумағында әскери операциялар жүргізеді. Өз кезегінде ауған күштері де қарымта соққылар жасайды.

Еске салсақ, 2026 жылғы 10 маусымда Пәкістан Ауғанстанға әуе соққыларын жасап, екі ел арасындағы шиеленіс қайта күшейгені туралы хабарладық. Пәкістан тарапы бұл әрекетті ел аумағында соңғы уақытта болған лаңкестік шабуылдарға жауап ретінде түсіндірді.