Кеше 2026, 21:37 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

БҰҰ өкілі Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтады

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады.

Астанада өткен Өңірлік экологиялық саммит аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің орынбасары Хаолян Шумен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. Серік Жұманғарин ұйымның еліміздегі орнықты даму, институционалдық реформалар мен өңірлік саясатты ілгерілетудегі маңызды серіктес екенін атап өтті. Қазіргі таңда 2021–2025 жылдарға арналған Елдік бағдарлама аясында өңірлік даму, «жасыл» трансформация және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру бағытында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Атап айтқанда, Абай және Ұлытау облыстарында өңірлік даму бағдарламалары іске асырылып, жергілікті деңгейде Орнықты даму мақсаттарын енгізуге қолдау көрсетілуде. Қазақстан тарапы бұл жобалардың практикалық тиімділігін арттыру үшін сыртқы қаржыландыруды кеңейтіп, табысты тәжірибелерді ел бойынша масштабтауды ұсынды.

Өз кезегінде Хаолян Шу Қазақстанды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, бірқатар бағыттағы табысты ынтымақтастықты атап өтті. Оның ішінде Отбасының цифрлық картасы, экологиялық ресурстарды бағалау және дәрі-дәрмек сатып алу жүйесін жетілдіру бар. Соңғысының нәтижесінде 20 бірегей препараттың бағасы орта есеппен 50%-ға төмендеп, 2018 жылдан бері шамамен 43 млн доллар үнемделген.

Кездесуде мемлекеттік басқаруды цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. БҰҰДБ өкілі әртүрлі деректерді біріктіретін бірыңғай аналитикалық платформа құру басқару шешімдерінің сапасын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Сонымен қатар қазақстандық тарап өңірлік саясаттың жаңа тәсілдерін таныстырды. Өңірлік стандарттар жүйесіне негізделген бюджеттік модель инфрақұрылымдық теңгерімсіздікті азайтуға, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды арттыруға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.