БҰҰ-ның даму бағдарламасы жаңадан құрылған үш облыстың дамуына ықпал етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Нью-Йоркте БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰДБ әкімшісінің көмекшісі Уша Рао-Монаримен кездесу өткізді, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметінен. 

Кездесу барысында экономика министрлігінің басшысы Қазақстан мен Біріккен ұлттар ұйымы даму бағдарламасының жемісті ынтымақтастығына тоқталды. Одан бөлек министр халықаралық ұйымның Нұр-Сұлтандағы елдік кеңсесінің айтарлықтай үлесін атап өтті.

Ведомство басшысы Монари ханымға 16-17 маусым аралығында Алматыда өткен Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) өңірлік саммитіне қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар министр екінші ерікті ұлттық шолудың негізгі тармақтарын атап өтті.

Мен елдік бағдарлама әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еңбек өнімділігін арттыру, халықтың табысын арттыру, инвестициялық саясат пен қаржы секторын дамыту бойынша реформалар көзделген үкіметтің іс-қимыл бағдарламасын іске асыруға ықпал ететініне сенімдімін, - деді министр.

Министрдің айтуынша, Қазақстан БҰҰДБ-ның 2021-2025 жылдарға арналған жаңа елдік бағдарламасын қолдайды.

Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Министр Қазақстан мен БҰҰДБ арасындағы серіктестіктің негіздемелік бағдарламасын іске асыруды, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалардың негізгі бағыттарын атады.

Әлібек Қуантыровтың пікірінше, Қазақстан өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Ведомство мәліметіне сүйенсек, Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы үш жаңа өңір – Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарын дамытуға өз үлесін қоса алады. Ал Уша Рао-Монари Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстанның тұрақты дамуына қолдау көрсетуді жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы