БҰҰ мен қазақстандық бизнес тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін күш біріктіріп жатыр

Бүгін Қазақстандағы БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің ұйымдастыруымен «Қазақстандық бизнес тұрақты даму үшін» атты пікірталас өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Жиынның басты мақсаты – бизнес қауымдастығын Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) және оларға қол жеткізудегі Қазақстанның жетістіктерімен таныстыру, тұрақты дамуды қолдауда БҰҰ мен бизнес секторы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту.

Тұрақты дамуға қол жеткізуде бизнестің жеткіліксіз рөлі – адамзаттың 2030 жылға дейін қол жеткізуді жоспарлағаны мен қазіргі ахуалы арасындағы алшақтық әлі де айтарлықтай үлкен болуының себептерінің бірі. Қазірдің өзінде көптеген сарапшылар күш-жігерді жеделдетпесе, көптеген мақсатқа қол жеткізілмейтінін айтады.

Тұрақты даму мақсаттары индексі бойынша Қазақстан тұрақты дамуға қол жеткізу бойынша 166 елдің ішінде 66-орында.

БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Сторидің айтуынша, БҰҰ-ның Қазақстандағы Жаһандық шарт бойынша ынтымақтастығымыз ерекше және бүгінгі кездесу осының тағы бір дәлелі.

Осында жиналған сан алуан жеке қайраткерлер мен ұйымдар тұрақтылық тек моральдік құндылық емес, стратегиялық артықшылық екенін түсінетіні қуантады. Заманауи әлемде тұрақты бизнес жүргізу таңдау мәселесі емес, ол - қажеттілік, тұрақтылыққа, бәсекеге қабілеттілікке және ұзақ мерзімді табысқа апаратын жол, - деп атап өтті ол.

БҰҰ қайырымдылыққа негізделген серіктестіктен стратегиялық іскерлік қарым-қатынастарды құруға көшті. Бизнес экономикалық өсуді қамтамасыз етуде, жұмыс орындарын құруда, әлеуметтік мәселелерді шешу үшін инновацияларды енгізуде және климаттың өзгеруіне қарсы күреске белсенді қатысуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде Қазақстанның 52 компаниясы БҰҰ Жаһандық шартына мүше.

Үкімет, бұқаралық ақпарат құралдары, азаматтық қоғам, жеке сектор, жастар және басқа да мүдделі тараптар тұрақты дамуды жүзеге асыруда басты рөл атқарады. Іс-шараға қатысушылар тұрақты даму мақсаттарының жаһандық әсерін және осы мақсаттарға қол жеткізу барлығы үшін неғұрлым әділ, тұрақты және гүлденген әлемге қалай әкелетінін атап өтті. Қатысушылар тұрақты дамуға қол жеткізуде жеке сектор маңызды рөл атқаратынын мойындады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ - архив
Өзгелердің жаңалығы