БҰҰ конференциясында 10 ел Палестинаны мойындауға ниетті
22 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында өтетін конференцияда он мемлекет Палестина мемлекеттігін мойындайтынын жариялауға ниетті, деп хабарлайды BAQ.KZ ТАСС-қа сілтеме жасап.
Бұл туралы Франция президенті Эммануэль Макронның Нью-Йоркке сапарына орай Елисей сарайында өткен брифингте мәлім болды.
Он мемлекет Палестина мемлекетін мойындауға кірісуге ниетті, – деді Франция президентінің кеңесшісі Agence France-Presse-ке.
Оның айтуынша, бұл тізімге Франциямен қатар Андорра, Австралия, Бельгия, Ұлыбритания, Канада, Люксембург, Мальта, Португалия және Сан-Марино кіреді. Сондай-ақ француз басшысының кеңсесі Израильдің Иордан өзенінің Батыс жағалауындағы палестиналық аумақтарды оккупациялау әрекеттерін айыптап, мұны "айқын қызыл сызық" деп атады.
Франция президенті Эммануэль Макрон бұған дейін 22 қыркүйекте БҰҰ-да Палестинаны мойындау жөнінде конференция өтетінін мәлімдеген болатын. Бұл шешім Газа секторындағы соғыс қимылдары мен Израиль билігінің басқа да әрекеттеріне қарамастан қабылданатынын айтқан.
24 шілдеде ол Францияның БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында Палестина мемлекеттігін мойындауды жоспарлап отырғанын жариялады. Ал 29 шілдеде Ұлыбритания премьер-министрі Киер Стармердің кеңсесі Израиль гуманитарлық жүктерді Газаға жеткізуге кедергі келтіріп, әскери операцияны тоқтатпаса, Лондон Палестинаны сессия алдында мойындайтынын мәлімдеген еді.
Қазіргі таңда Палестинаны БҰҰ-ның 148 мүшесі мойындады. Әлемнің 95 елінде Палестинаның елшіліктері мен тұрақты өкілдіктері жұмыс істейді.