БҰҰ Израильден Газаға гуманитарлық көмек көрсетуге рұқсат беруін талап етеді
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильден Газаға гуманитарлық көмектің тоқтаусыз кіруіне рұқсат беруін талап етуде, деп хабарлайды BAQ.KZ Sky News-ке сілтеме жасап.
Әзірге рұқсат етілген барлық көмек теңізге тамған тамшыдай. Осы уақытта Израильдің әскери шабуылы өршіп, жан түршігерлік қираулар мен адамдардың қазасына әкеліп соқтырады, – деді БҰҰ Бас хатшысы.
Антониу Гутерриш тұрақты атысты тоқтатуға және гуманитарлық көмекке толық қол жеткізуге шақырды. Ол БҰҰ-да Газа халқын қажетті тауарлармен қамтамасыз ету үшін қажетті персонал, тарату желілері және қоғаммен байланыс бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, шекарада жүк тиеген 9 мың жүк көлігі күтіп тұр.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы (WFP) да Израильден гуманитарлық көмекті таратуға қолдау көрсетуді сұрады. Көмек агенттігінің хабарлауынша, Газаның оңтүстігінде бір түнде 15 жүк көлігінен наубайханаларға жіберілген көмек құралдары ұрланған.
WFP азық-түлікке қол жеткізуге болатын нүктелердің санын шектейтін тарату жүйесінде қауіпсіз жұмыс істей алмайтынын айтты.
Аштық, шарасыздық және азық-түлік көмегі көбірек келеді ме деген алаңдаушылық тұрақсыздықты күшейтіп отыр. Бізге Израиль билігінің Газаға көбірек көлемдегі азық-түлік көмегін тезірек, сенімді және қауіпсіз жолдар арқылы жеткізу үшін қолдау қажет, атысты тоқтату режимі кезінде жасалғандай, – деп жазылған басылымда.
Израиль 2 наурыздан бастап ХАМАС содырларының жеткізілімдерін тоқтатып жатыр деп, барлық жеткізілімдерге блокада салды. Топ тағылған айыпты жоққа шығарады. 21 мамырда Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Газаға балалар тамағы мен медициналық құрал-жабдықтар тиелген 100 жүк көлігіне ғана рұқсат берді.
БҰҰ мәліметінше, Газа секторының 2,3 миллион тұрғынының төрттен бірі аштықта.