28 Шілде 2026, 07:08 Фото: depositphotos.com

БҰҰ-дағы дау: АҚШ Францияның мәлімдемесіне жауап ретінде залдан шығып кетті

АҚШ делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында наразылық белгісі ретінде залдан шығып кетті.

АҚШ дипломаттары Франция өкілдерінің сөз сөйлеуі кезінде Вашингтонның адам құқықтарына қатысты ұстанымын сынауына қарсылық ретінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысынан шығып кетті.

Оқиға АҚШ-тың БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Фолькер Тюрктің өкілеттік мерзімін тағы төрт жылға ұзартуға қарсы дауыс беруінен кейін болды. Оны қайта тағайындауды 144 мемлекет қолдаса, 10 ел, соның ішінде АҚШ, қарсы шықты.

Бұған дейін Францияның БҰҰ жанындағы Женевадағы миссиясы Вашингтонның шешімін сынға алып, АҚШ-тың бұрын адам құқықтарының үлгісі болғанын, алайда қазір бұл мәселеде Ресей, Солтүстік Корея, Никарагуа және Мали сияқты елдермен бір қатарда тұрғанын мәлімдеген.

Бұған жауап ретінде АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елші орынбасары Дэн Негреа Парижді «моральдық үстемдік көрсетуге тырысады» және басқа мемлекеттерге ақыл айтуға ұмтылады деп айыптады. Оның айтуынша, Франция өз ұстанымын өзгертпейінше, Вашингтон енді оның «саясиландырылған мәлімдемелерін» тыңдауға ниетті емес.

Ал АҚШ-тың БҰҰ жанындағы елшісі Майк Уолтц Франция адам құқықтарын ең көп бұзатын елдердің кейбірін қолдап отыр және АҚШ, Ұлыбритания мен Израиль сияқты демократиялық мемлекеттерді сынайтын кандидатқа дауыс берді деп мәлімдеді.

Вашингтон мен Париж арасындағы шиеленіс Дональд Трамп әкімшілігі мен Еуропадағы одақтастар арасындағы кең ауқымды келіспеушіліктер аясында күшейіп отыр. Даулы мәселелердің қатарында НАТО-ның болашағы, АҚШ әскерінің Еуропадағы қатысуын өзгерту ықтималдығы және Трамптың НАТО мүшесі Данияға қарасты Гренландияға қатысты жоспарлары бар.

АҚШ делегациясы залдан шығып кеткеннен кейін сөз алған Францияның БҰҰ жанындағы елшісі Жером Боннафон бұл оқиғаға тікелей пікір білдірген жоқ. Ол Францияның халықаралық қауіпсіздік, адам құқықтарын қорғау және ұйымның тәуелсіздігін сақтау бағытындағы БҰҰ қызметін қолдауды жалғастыратынын айтты.