БҰҰ дабыл қақты: Таяу Шығыстағы дағдарыс гуманитарлық көмекті тежеп отыр
Тасымал құны өсіп, жеткізу тізбектері бұзылып, босқындарға көмек кешігуде.
БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының өкілі Карлотта Вольф Таяу Шығыстағы тұрақсыздық «домино әсерін» тудырып, өңірден тыс жерлерде де гуманитарлық операцияларды қиындатып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Женевадағы БҰҰ бөлімшесінде өткен брифингте Вольф өңірдегі шиеленістің күшеюі, соның ішінде АҚШ пен Израильдің Иранға қатысты әрекеттері жаһандық гуманитарлық жұмыстың барысына әсер ете бастағанын атап өтті.
Оның айтуынша, тасымал құнының өсуі мен жүк жеткізудегі үзілістер БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасын көмек тарату стратегиясын өзгертуге мәжбүр еткен. Бұл жаһандық жеткізу тізбектеріне барған сайын айқын әсер етіп отыр.
Вольф Парсы шығанағындағы негізгі бағыттардағы, соның ішінде Ормуз бұғазы маңындағы тұрақсыздық теңіз тасымалдарын бұзып, жанармай, азық-түлік және фрахт бағасының өсуіне әкеліп отырғанын, сондай-ақ аса қажетті жүктердің жеткізілуін кешеуілдетіп жатқанын айтты.
Оның сөзінше, жоғары көлік және жанармай шығындары жедел көмекке мұқтаж миллиондаған босқындар мен қоныс аударған адамдарға ерекше ауыр тиіп отыр.
Бұл жағдай өмірлік маңызы бар көмектің қысқаруына және кешігуіне әкеліп, гуманитарлық ұйымдардың қаржылық шектеулер жағдайында дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігін азайтады.
Вольф БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі басқармасы жағдайға бейімделіп жатқанын айтып, теңіз арқылы жеткізілетін жүктерді Акаба аймағы арқылы қайта бағыттап, Дубайдан Араб түбегі мен Түркия арқылы өтетін балама құрлық жолдарын белсенді қолдана бастағанын жеткізді.
Ол сондай-ақ негізгі теңіз бағыттарының жабылуы ұзақ әрі қымбат маршруттарды пайдалануға мәжбүр ететінін, бұл жеткізу мерзімін ұзартып, операцияларды қиындататынын атап өтті.
БҰҰ деректеріне сәйкес, қақтығыс басталғалы негізгі елдерден тасымал тарифтері шамамен 18 пайызға өскен, ал 2026 жылдың басынан бері жаһандық логистикалық серіктестердің қолжетімді қуаты 97 пайыздан 77 пайызға дейін төмендеген. Кейбір жағдайда жеткізу құны екі еседен де көп өскен.
Мысал ретінде Вольф Дубайдағы БҰҰ қорларынан Судан мен Чадқа гуманитарлық жүк жеткізу құнының шамамен 927 мың доллардан 1,87 млн долларға дейін артқанын келтірді.
Ол халықтың жаппай қоныс аудару дағдарысы, әсіресе Африка елдерінде, үлкен алаңдаушылық туғызып отырғанын, ал Таяу Шығыстағы ұзаққа созылған тұрақсыздық гуманитарлық операцияларды одан әрі шектеуі мүмкін екенін атап өтті.