БҰҰ дабыл қақты: Әлемде жаңа қауіпті есірткілердің таралуы күшейді
Ұйымның есебінде синтетикалық есірткінің таралуы артып, оның адам денсаулығы мен қоғамға төндіретін қаупі күшейіп бара жатқаны айтылған.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ) жаңа синтетикалық есірткілердің жылдам таралып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ұйымның 2026 жылғы Дүниежүзілік есірткі туралы баяндамасында қылмыстық топтардың жаңа нарықтарға шығу үшін заманауи технологияларды, жаһандық тұрақсыздықты және жаңа жеткізу бағыттарын белсенді пайдаланып жатқаны айтылған. БҰҰ-ның бағалауынша, 2024 жылы әлемде 331 миллион адам есірткі қолданған. Бұл – 15 пен 64 жас аралығындағы халықтың 6,2 пайызы.
Соңғы он жылда есірткі тұтынушылар саны 34 пайызға артқан. Ең көп қолданылатын есірткі түрі бұрынғысынша каннабис болып отыр. Оны шамамен 256 миллион адам тұтынады. Одан кейін опиоидтер (63 млн), амфетаминдер (32 млн), кокаин (25 млн) және экстази (21 млн) келеді. Сарапшыларды әсіресе жаңа синтетикалық заттардың көбеюі алаңдатып отыр. Былтыр әлемдік нарықта 755 жаңа психоактивті зат тіркелсе, соның 118-і алғаш рет анықталған.
Баяндама авторларының пікірінше, есірткі саудасымен айналысатын қылмыстық топтар дәстүрлі есірткінің орнына фентанилдер мен нитазендерді қоса алғанда, синтетикалық опиоидтерге жиі көшіп жатыр. Бұл заттар кәдімгі есірткілерге қарағанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін.
Осыған байланысты БҰҰ мемлекеттерді ұйымдасқан қылмысқа қарсы күресті күшейтуге, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ есірткіге тәуелділіктің алдын алу мен оны емдеуге бөлінетін инвестиция көлемін арттыруға шақырды.
- Қарағанды облысында азық-түлік бағасын көтерген 155 кәсіпкер жауапқа тартылды 04:27
- Швейцария Ресейге қарсы санкцияларды кеңейтті 03:40
- Алматы тауларында жоғалған екі жасөспірім аман-есен табылды 02:34
- «Ауыл» партиясы агросекторға арналған бірыңғай цифрлық платформа құруды ұсынды 01:38
- Колумбиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 312-ге жетті 01:29
- Respublica: Жақсы жалақы, баспана, білім мен медицина халыққа қолжетімді болуы тиіс 00:46
- ҚХП өңірлердегі өмір сапасының бірыңғай стандартын белгілеуді ұсынды 00:30