БҰҰ Бас хатшысы Сирияға қарсы барлық санкцияларды алып тастауға шақырды
Оның пікірінше, санкцияларды жою ел экономикасын жандандыруға, инфрақұрылымды қалпына келтіруге және халықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Сирияға қарсы енгізілген барлық халықаралық санкцияларды толық алып тастауға шақырды. Бұл туралы ол Дамаскіге жасаған сапары барысында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.
Гутерриштің айтуынша, Сирияның соғыстан кейінгі қалпына келуі үшін халықаралық қауымдастықтың қолдауы аса маңызды. Оның пікірінше, санкцияларды жою ел экономикасын жандандыруға, инфрақұрылымды қалпына келтіруге және халықтың тұрмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сапар барысында БҰҰ Бас хатшысы Сирия президенті Ахмед әл-Шараамен, сыртқы істер министрі Асад аш-Шайбанимен және өтпелі парламент өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ Голан жоталарындағы БҰҰ бітімгерлерімен, азаматтық қоғам, әйелдер және жастар ұйымдарының өкілдерімен жүздесті.
Гутерриш Дамаск маңындағы атышулы Седная түрмесіне де барып, елдегі гуманитарлық жағдаймен танысты.
Ол Батыс елдерінің, соның ішінде АҚШ-тың Сирияға қарсы санкцияларды ішінара жеңілдету туралы шешімдерін құптағанымен, мұны жеткіліксіз деп бағалады.
«Барлық санкциялар дереу алынып тасталуы керек. Сирияға инвестиция, экономиканы қалпына келтіру және мемлекеттік институттарды қайта құру үшін халықаралық қолдау қажет», – деді БҰҰ Бас хатшысы.
БҰҰ мәліметінше, Башар Асад билігі құлағаннан бері шамамен 1,7 миллион босқын Сирияға оралған. Сонымен қатар ел ішінде 5,5 миллион адам әлі де қоныс аударған күйде қалып отыр, ал 6 миллионға жуық сириялық шетелде тұрады.
Дүниежүзілік банктің бағалауынша, Сирияны соғыстан кейін қалпына келтіруге 216 миллиард доллар қажет.
Сонымен қатар Гутерриш Израильдің Сирия аумағындағы әскери әрекеттеріне алаңдаушылық білдіріп, Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығы толық сақталуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Голан жоталары – Сирияның ажырамас бөлігі және өңірдегі шиеленісті ушықтыратын кез келген әрекет тоқтатылуы қажет.