БҰҰ Бас хатшысы кім болады? Қазақстан маңызды мәлімдеме жасады
БҰҰ Бас хатшысы лауазымына жаңа үміткер ұсынылды. Қазақстан бұл бастаманы неге қолдады және сайлау барысында қандай қиындықтар туындап отыр?
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекеттік сыртқы істер министрі Лана Заки Нусейбенің БҰҰ Бас хатшысы лауазымына кандидатурасын ұсыну бастамасын құптады. Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді қолдайтынын мәлімдеді.
Қазақстан Біріккен Араб Әмірліктерінің мемлекеттік сыртқы істер министрі, БАӘ-нің БҰҰ жанындағы бұрынғы Тұрақты өкілі Лана Заки Нусейбенің Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына кандидатурасын ұсынуын құптайды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметінше, БҰҰ Бас хатшысын сайлау халықаралық қоғамдастықтың ерекше назарында. Бұған ұйымның бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, орнықты дамуды қолдау және адам құқықтарын қорғау бағыттарындағы тиімділігін арттыруға қатысты үміттердің өсуі себеп болып отыр.
Сонымен қатар сайлау процесінде белгілі бір қиындықтар да бар. Атап айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде консенсусқа қол жеткізу мәселесі өзекті болып отыр. Бұған бейресми дауыс берудің алдыңғы раундтарының нәтижелері дәлел.
Осыған байланысты Қазақстан үміткерлер қатарының кеңеюін құптайды. Қазақстан тарапының пікірінше, бұл сындарлы диалогты жалғастырып, барлық тарапқа қолайлы шешім іздеуге қосымша мүмкіндік береді, - делінген ҚР СІМ хабарламасында.
Қазақстан БҰҰ-ның халықаралық қатынастардағы орталық рөлін нығайтуды, ұйым қызметінің тиімділігін арттыруды және жаһандық сын-қатерлерге жауап берудің көпжақты тетіктерін жетілдіруді дәйекті түрде қолдайды.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді биыл қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында сөйлеген сөзінде келесі Бас хатшыны сайлау сессияның негізгі оқиғаларының бірі болатынын атап өткен.
Қазақстан БҰҰ Жарғысының талаптарына толық сәйкес келетін, ашық әрі инклюзивті, сондай-ақ кандидаттардың кәсіби біліктілігі мен еңбек үлесіне негізделген іріктеу процесін жақтайды.