БҰҰ Бас хатшысы Израиль мен Иранды қақтығысты тоқтатуға шақырды
Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антониу Гутерриш Таяу Шығыстағы шиеленісті жағдайға байланысты Израиль мен Иранды әскери қақтығысты дереу тоқтатуға шақырды. Бұл туралы ол өзінің X (бұрынғы Twitter) парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Израильдің Иранның ядролық нысандарына жасаған әуе соққылары мен Иранның жауап ретінде зымыранмен шабуыл жасауы жағдайдың тым шиеленіскенін көрсетеді. Эскалация жеткілікті. Бейбітшілік пен дипломатия басымдыққа ие болуы тиіс, - деп жазды Гутерриш.
Гутерриштің бұл мәлімдемесі 14 маусымда, аймақтағы жағдай шарықтау шегіне жеткен шақта жарияланды.
Бұған дейін, 13 маусымда Израиль Иранға алдын ала әскери соққы жасап, елде төтенше жағдай жариялаған болатын. Премьер-министр Беньямин Нетаньяху бұл операцияның мақсаты Иранның ядролық инфрақұрылымына соққы беру екенін атап өтті.
Осы жағдайға жауап ретінде Иран өз әуе кеңістігін жауып, Израильге қарсы бірнеше зымырандық шабуылдар ұйымдастырды. 14 маусымға қараған түні Израиль Қорғаныс Армиясы Иран шабуылының үшінші толқыны басталғанын хабарлады.
Халықаралық қауымдастық жағдайдың ушығуына алаңдаушылық білдіріп отыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл шиеленіс тек Таяу Шығыс үшін ғана емес, бүкіл әлемдік қауіпсіздік үшін елеулі қатер төндіруі мүмкін.