БҰҰ: АИТВ-ға қарсы қаржыландырудың қысқаруы індеттің қайта күшеюіне әкелуі мүмкін
UNAIDS мәліметінше, 2025 жылы әлемде АИТВ жұқтырудың шамамен 1,2 миллион жаңа жағдайы тіркелген.
Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) АИТВ-мен күреске бөлінетін халықаралық қаржыландырудың азаюы әлемде инфекцияның қайта өршу қаупін күшейтіп отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы БҰҰ-ның АИТВ/ЖИТС жөніндегі бірлескен бағдарламасы (UNAIDS) жариялаған жаңа есепте айтылған.
Есепке сәйкес, 2025 жылы АИТВ-ға қарсы халықаралық қаржыландыру көлемі 18 пайызға қысқарып, 2024 жылғы 8,8 млрд доллардан 7,3 млрд долларға дейін төмендеген. Бұл – соңғы жиырма жылға жуық уақыттағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.
UNAIDS мәліметінше, 2025 жылы әлемде АИТВ жұқтырудың шамамен 1,2 миллион жаңа жағдайы тіркелген. Ал ЖИТС-пен байланысты аурулар салдарынан 570 мыңға жуық адам көз жұмған.
Ұйым мамандары қазіргі қарқын сақталса және қосымша шаралар қабылданбаса, 2030 жылға қарай әлемде тағы 3 миллионнан астам адам АИТВ жұқтыруы мүмкін екенін ескертеді.
Есепте көптеген елдердегі алдын алу және емдеу бағдарламалары халықаралық донорлардың қаржысына тәуелді екені атап өтілген. Мәселен, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде АИТВ-ның алдын алу бағдарламаларының шамамен 80 пайызы шетелдік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылады.
Сондай-ақ 2024 жылы жергілікті қауымдастықтармен жұмыс істейтін ұйымдар АИТВ-мен күреске бөлінген халықаралық қаражаттың төрттен біріне дейін алған. БҰҰ донорлық қолдау азайып, ұлттық қаржыландыру көлемі артпаса, көптеген елде АИТВ-ның алдын алу, диагностика және емдеу бағдарламаларына қауіп төнуі мүмкін екенін атап өтті.