БҰҰ: 2025 жылы Ливаннан 378 мың сириялық еліне оралды
Биыл Ливаннан 378 мың сириялық босқын Сирияға қайта оралған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы (БҰҰ БЖКБ) америкалық Х компаниясына тиесілі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
Қайту процесі Ливанның Бас қауіпсіздік басқармасы мен БҰҰ БЖКБ бірлесіп жүзеге асырып жатқан сириялық босқындарды елге қайтару жөніндегі үкіметтік жоспар аясында ерікті түрде жүргізіліп отыр.
Ливан билігінің мәліметіне сүйенсек, үкіметтің ерікті қайтарудың 12-кезеңі бойынша ел астанасы Бейрутта жиналған сириялық топ Эль-Масна шекара бекеті арқылы өтіп, Сирияға қарай жол тартқан.
Ливан үкіметі маусым айында сириялық босқындарды кезең-кезеңмен елге қайтару жоспарын жариялаған болатын. Бағалаулар бойынша, Сириядағы азаматтық соғыс жылдарында шамамен 1,8 млн сириялық Ливаннан паналау тапқан, оның ішінде 880 мыңға жуығы БҰҰ БЖКБ-ға оралу ниеті туралы өтініш білдірген.
2024 жылдың 8 желтоқсанында Башар Асад режимі құлағаннан кейін көрші елдерге бас сауғалатып кеткен сириялықтардың отанына оралу үдерісі айтарлықтай жеделдей түсті.