БҰҰ: 16 млн украиндық гуманитарлық көмекке мұқтаж
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Украинаның 16 млн тұрғыны гуманитарлық көмекке мұқтаж.
Бұл туралы бүгін Киевтегі баспасөз мәслихатында БҰҰ Украинадағы гуманитарлық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі Оснат Лубрани мәлім етті, деп хабарлады ҚазАқпарат БҰҰ Жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
БҰҰ Гуманитарлық мекемелер жүйесі серіктес ұйымдармен және украиналық еріктілермен бірге оларды құтқару үшін бар күшін салуда.
Соңғы төрт айда Украина бүкіл әлемнің назарында болды. Бұл әрине жақсы жағынан емес. Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғалы бұл елдегі әр әйелдің, әр еркектің және әр баланың өмірі құртылды: олардың жақындары өлтірілді, жарақат алды, отбасынан айырылды, мыңдаған үйге бомба тасталды. Бұл азапты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, - деп атап өтті Оснат Лубрани.
Ол бүгінде 16 млн украиналықтың гуманитарлық көмекке – суға, тамаққа, медициналық көмекке немесе баспанаға мұқтаж екенін айтты.
Бұл тек ықтимал болжам. Қазір БҰҰ серіктестерімізбен бірге қайта қарап жатыр. Алты миллионнан астам адам ішкі көшіп-қонып жүргендер қатарында. Бес миллионға жуық адам туған жеріне қайта оралды, бірақ олар қайта кетуге мәжбүр болатындарын түсініп отыр. 5,3 млн украиналық басқа елдерге босқын болып кетті, - деді БҰҰ үйлестірушісі.