Бүгiн 2026, 10:05 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Бұрынғы жұмыс орнынан шалынған қоңырау: Петропавл тұрғыны 2 миллион теңгесінен айырылды

СҚО полицейлері интернет-алаяқтық дерегін тергеп жатыр.

Петропавл тұрғыны жұмыстан шалынған "қоңыраудан" кейін 2 млн теңгесінен айырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Интернет-алаяқтар жаңа айла-тәсілдерді ойлап табуда. Әсіресе, адамның жеке деректері қолдарына түссе, олардың қиялы шексіз. Мәселен, Петропавл қаласының 59 жастағы тұрғынына бұрынғы жұмыс орнынан хабарласып, кадр бөлімінің заңгері оның жеке іс-қағазын белгісіз себептермен алып кеткенін айтқан. Сондай-ақ, «мәй-жайды білу үшін» әлгі «заңгердің» нөмірін де берген.

«Заңгер» әйелге оның интернет-алаяқтық бойынша «қауіп тобына» іліккенін айтып, «құқық қорғау органы маманының» қоңырауына жауап беруді өтінген. Ал ол болса «банк менеджеріне» бағыттаған. Әрбір жаңа сұхбаттасушымен сөйлескен сайын «қауіп» деңгейі арта түскен.

Соңында қала тұрғынын «қылмыскерлер банктегі шотыңызды бұзуға әрекеттеніп жатыр» деп сендіріп, ақшаны сақтап қалу үшін оны шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» салу керек деген нұсқау берген.

Әйел алаяқтардың айтқанын істеп, өзінің 2 миллион теңгеден астам жинаған қаражатын олардың шотына аударып жіберген, - деп хабарлады СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, қаңтар айында СҚО-да 33 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Зардап шеккендердің арасында зейнеткерлер, мұғалімдер, жұмыссыздар, жұмысшылар, дәрігерлер және мемлекеттік қызметшілер бар. Олардың барлығы дерлік бұған дейін интернет-алаяқтықтың қаупі туралы естіген болса да, алаяқтардың арбауына түсіп қалған.

Еске салайық, бұған дейін Астанада зейнеткерді 6 миллион теңгеге алдаған Ұлттық банк "қызметкері" ұсталды.