“Бұрынғы шенеуніктің туыстарына берілген жерлер бос жатыр”. Мемлекетке қанша жер қайтарылды?
Қазақстанда ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару процесі жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар “AMANAT” партиясының бастамасымен қолға алынған “Жер аманаты” жобасы аясында жүйелі түрде іске асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – пайдаланылмай жатқан немесе заңсыз бөлінген жерлерді мемлекетке қайтарып, оларды әділетті негізде халық игілігіне беру, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
“AMANAT” партиясының “Жер аманаты” республикалық жер комиссиясы 2022 жылдың маусым айында құрылған болатын. 2024 жылғы дерек бойынша, мемлекетке 10,8 миллион гектардан астам ауылшаруашылық жерлері қайтарылды, оның 3 миллионға жуығы азаматтарға берілді.
Жыл басынан бері тек Батыс Қазақстан облысының өзінде 30 152 гектар жер мемлекет меншігіне өтті. Бұл – бір ғана өңірдің көрсеткіші. Ал республика көлемінде бүгінге дейін 12-13 млн гектардай жер қайтарылған. Бұл туралы Мәжіліс депутаттары Мұрат Әбенов пен Бақытжан Базарбек мәлімдеді.
“Басты мәселе – қайтарылған жерді әділ бөлу”
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Жетісу облысына жасаған сапарында “Жер аманаты” жобасының келесі кезеңіне – жерді қайта үлестіру жұмыстарының басталғанына куә болған. Оның айтуынша, бұл үдеріс ашық, қоғамдық бақылаумен өтуі тиіс.
Біздің мақсат – жерді қайтарып қана қоймай, нақты жұмыс істейтін, ауылда тұратын азаматтарға тарату. Жетісуда жер бөлісі басталыпты. Ақсу ауданында тұрғындар өзара келісіп, әрқайсысы бес гектардан алып, пайдалануға дайын екенін білдірген. Бұл – жергілікті бастаманың жақсы үлгісі, – деді депутат.
Сонымен қатар Әбенов ел арасында жерге қатысты әділетсіздіктерге байланысты әлеуметтік наразылықтар барын атап өтті. Оның айтуынша, бұған дейін ірі латифундистер мен лауазымды тұлғаларға жақын адамдарға заңсыз түрде үлестірілген жерлер халық арасында реніш туғызған.
Бұрынғы премьер-министрдің туыстарына ауыл маңынан берілген жерлер бос жатыр. Ешқандай өндіріс жоқ, ауылға пайдасы тимейді. Олар тек жалға беріп, пайда көріп отыр. Ал ауыл тұрғындарына жайылым жер жетіспейді, – дейді депутат.
Мұрат Әбенов депутат Бақытжан Базарбекпен бірге Алакөл ауданына сапар жасап, жергілікті туризм саласының өзекті мәселелерін көтерді. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан бөлінген 500-ге жуық жер телімі бос жатыр, ал бұл аралықта демалыс орындары жетіспеушілігіне байланысты халық наразылығы артып келеді.
Қазір халық көп барады, бірақ инфрақұрылым жоқ. Балаларға арналған демалыс орындары тапшы. Ал бөлінген жерлер бірнеше жылдан бері пайдаланылмаған. Мұндай жағдайда жерді қайтарып, нақты жұмыс істейтін инвесторларға беру керек, – деді Әбенов.
Оның айтуынша, кейбір тұлғалар бұл жерлерді заңсыз иемденіп, кейін сату арқылы пайда табуға тырысқан. Бірақ заң бойынша мұндай әрекетке жол берілмейді.
Алдағы уақытта нақты деректер жарияланбақ
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек алдағы уақытта республикалық деңгейде Жер мәселелері бойынша форум өткізілетінін жеткізді. Форумға Бас прокуратура, Жер ресурстарын басқару комитеті, “AMANAT” партиясы және өңірлік департаменттер қатысады.
Форумда біз нақты деректерді, қай өңірде қандай заңсыз жер бөлінісі болғанын ашық айтамыз. Бұл жұмыс – жүйелі әрі ұзақ мерзімді болады, – деді депутат.
Жер – халықтікі
Мұрат Әбенов ауыл маңындағы жайылымдар мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, көптеген ауыл тұрғындары мал бағатын жер таппай отыр. Осыған байланысты заңнамалық өзгерістер арқылы ауыл маңындағы жерлерді қоғамдық жайылым ретінде рәсімдеу жұмыстары басталған.
Заңсыз алынған жерлерді кері қайтарып, заңды түрде иемденген жерлерді сатып алып немесе басқа жермен алмастырып, қоғамдық меншікке беру тетіктері қарастырылып жатыр, – дейді ол.
Депутаттың пікірінше, бұл бастама ауыл шаруашылығының дамуына, ішкі көші-қонды тежеуге, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік береді.