10 Қыркүйек 2026, 16:25 Фото: pexels.com

Бұрынғы шенеуніктер қаруынан айырыла ма? Арменияда күтпеген шешім қабылданды

Құқық қорғау органдары қаруды шектеудің себебін бұрынғы шенеуніктерге қатысты тергеулермен байланыстырып отыр.

Арменияның құқық қорғау органдары бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктерге тиесілі қару-жарақты барынша тәркілеу туралы шешім қабылдады. Бұл талап заңды түрде сатып алынып, ресми тіркелген қаруға да қатысты.

Армениялық БАҚ-тың жазуынша, Ішкі істер министрлігі бұрынғы шенеуніктерге қарсы сотқа талап арыз беріп, олардың кез келген жолмен – сыйлық немесе марапат ретінде алған, сондай-ақ өз қаражатына сатып алған қаруын мемлекет меншігіне беруді талап етіп жатыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұрынғы шенеуніктердің активтері мен мүлкіне қатысты жүргізіліп жатқан тергеулер олардың жеке басына кек қайтару немесе қанға-қан әрекеттеріне ұласуы мүмкін деген қауіп бар. Билік қару ұстауды барынша шектеу арқылы осындай тәуекелдердің алдын алуды көздеп отыр.

Бұл мәселе елдің Мемлекеттік кірістер комитетінің бұрынғы төрағасы Гагик Хачатрянның үйіне жүргізілген тінтуден кейін өзекті бола түскен. Арменияның Тергеу комитеті жариялаған бейнежазбада үйден қарудың бірнеше түрі табылғаны көрсетілген. Олардың арасында сыйлық және марапат ретінде берілген қарулар да болған.

Хачатрянның қорғаушылары оның қарудың барлығына қажетті рұқсаттары болғанын мәлімдеді. Бұрынғы шенеунікке парақорлық жасады деген айып тағылып, ол қамауға алынған.

Айта кетейік, тамыз айының соңында Арменияда бірнеше бұрынғы жоғары лауазымды тұлға қамауға алынды. Олардың арасында елдің бұрынғы президенті Роберт Кочарян да бар. Оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және, атап айтқанда, ірі көлемде ақша жылыстату бойынша айыптар тағылған.