Бұрынғы күйеуі әйелді қасақана көлікпен қағып, аяғынан айырды
Павлодарда ер адам ажырасуды қабылдай алмай, бұрынғы әйелімен жанжал шығарып, кейін оны көлікпен қасақана қаққан, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оқиға 6 қаңтар күні таңертең болған. Ер адам ажырасуға шешім қабылдаған жұбайымен кездесуді талап еткен. Көліктің ішінде олардың арасында жанжал шығып, әйел сыртқа жүгіріп шыққан. Ашуға булыққан бұрынғы күйеуі оны әдейі көлікпен қағып, павильонға қысып тастаған.
Зардап шеккен әйел ауыр жарақат алды. "Павлодар-онлайн" мәліметінше, оның жамбас сүйегі жаншылып, бір аяғы ампутацияланған. Дәрігерлер екінші аяғын сақтап қалу үшін күресіп жатыр.
Полиция күдіктіні ұстады және істі сотқа жолдады.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша тергеу жүргізілді. Күдікті қамауда. Қылмыстық іс сотқа жіберілді, - деп мәлімдеді Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Болған оқиғаның видеосы fond_fenix.kz инстаграм әлеуметтік желісінде жарияланды.