Бұрынғы Энергетика вице-министрі 10 жылға сотталуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 18 қаңтарда Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық сотында бюджет қаражатын жымқырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған бұрынғы Энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупаның ісі бойынша сот отырысы басталды. Прокурор 10 жылға бас бостандығынан айыруды талап етті.

Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде талан-таражға салу» бойынша кінәлі деп танылып отыр. Прокурор Медеу Жақанов соттан Анатолий Шкарупаны қылмыс бойынша заңда мүлкін тәркілеп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Онымен бірге айыпталған тағы екі адам бар. Біреуі – «ТКШ Даму қорының» экс-төрағасы Қайсар Байдалы (қамауда отыр), екіншісі – ENERCO компаниясының директоры Ерлан Нәбиев (денсаулығына байланысты үй қамақта). Екеуіне прокурор 8 жылдан сұрап отыр. 

Айыптаушы тараптың мәліметінше, 2015 жылы қылмыстық топ ТКШ дамыту қорынан Саран қаласында жылу есептегіш құралдарын сатып алуға және орнатуға бөлінген ақшаны ұрлаған. 2018 жылдың қарашасында Қауіпсіздік кеңесінің отырысында сол кездегі бас прокурор Қайрат Қожамжаров «Анатолий Шкарупаның 215 миллион теңгені ұрлауға қатысы бар» деп айтқан болатын.

Еске сала кетсек, Энергетика министрінің бұрынғы орынбасары Анатолий Шкарупа 2018 жылы қарашада қамауға алынған. Ол 2014-2017 жылдары Саран қаласында әкім болған кезде «бюджеттен 215 млн теңгенің жымқырылуына жол берді» деген күдікке ілініп отыр

Айыптау мәліметтеріне сүйенсек, үш айыпталушы да қазандықтың уақытында салынып бітпейтінін біле тұра, қазынаның миллиондаған қаржысын қасақана жұмсаған. Бұрынғы вице-министр 2019 жылдың желтоқсан айында өзін қамаудан босатуды өтініп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хатта жазған болатын.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы