Бұрынғы әйелінің мазасын алған ер адам 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен қаласының тұрғыны бұрынғы әйеліне барып, мазасын алғаны үшін 300 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды.
Түнгі уақытта мас күйінде болған азамат бұрынғы әйелінің үйіне барып, онымен сөйлеспекші болған. Алайда бұрынғы әйелі онымен сөйлескісі келмегендіктен сыртқа шықпаған. Бұған көнбеген азамат терезені сындырып, үйіне кірген. Тұрғын үйге заңсыз басып кіргені үшін азамат 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды.
Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған қоғамдық орындарда қар күреп, қоқысты жинауға жіберілді. Күн сайын күніне төрт сағат жұмыс атқарып жатыр. Сотталғанның атқарған жұмысы мен мінез-құлқын біз қазір тұрақты бақылап жатырмыз, - деді ШҚО бойынша ҚАЖД Сол жағалау аудандық пробация қызметінің қызметкері әділет майоры Серік Бекболданов.Жауапқа тартылған азамат қоғамдық жұмысты атқарып жүріп, істеген ісінің дұрыс емес екенін түсінгенін айтты.
Жасаған қылмысым үшін маған қоғамдық жұмыс тағайындалды. Қазір қоқыс жинап, қар күреп жатырмын. Қоқыс жинап жүргенде, бұрында өзімнің де қоқысты әрбір жерге тастай салатыным есіме түседі. Ішімдіктің бос бөтелкелері де ішкен жерде қалатын. Енді қоғамдық жұмысты атқарып жүріп, істеген ісімнің дұрыс емес екендігін түсіндім. Тазалық сақтау керектігін түсіндім, - дейді ол.
Серік Бекбұлданов қоғамдық жұмыстардағы барлық есепке алынған азамат қоғамдық жұмысты орындаудан бас тартқан жағдайда қамауға алынатыны туралы ескертті.