Бұрынғы аты – Айтолқын, қазір – Барселона. Қазақстанда есімін өзгертетіндер көп пе?
Қазақстанда есімін өзгертетіндер қанша, адамдар мұндай шешімге не себепті барады және заң бойынша атын өзгерту қаншалықты оңай?
Жақында қазақстандық блогер Айтолқын Айханова өзінің есімін Барселона деп өзгертті. Ол бұл атты бекер таңдамаған. Себебі ол өмірге келген кезде атасы оны Барселона деп атаған. Алайда кейін жақындары оның есімін Айтолқын деп өзгерткен. Блогер 36 жыл бойы Айтолқын болып жүрген. Ал биыл есімін өзгертіп, атасы берген есімді заң бойынша алған. Осы тұста BAQ.KZ тілшісі Әділет министрлігі елімізде есім ауыстыруға қатысты статистиканы сұрап, шолу жасады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда азаматтардың тегі, аты және әкесінің атын өзгертуге қатысты жеке статистика жүргізілмейді. Министрлік бұл өзгеріс бірнеше жыл бұрын заңнамаға енгізілген түзетулермен байланысты деп түсіндірді.
Т.А.Ә өзгерту бойынша жеке актілік жазба тіркелмейді
Ведомствоның мәліметінше, азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексімен және азаматтық хал актілерін тіркеу қағидаларымен реттеледі.
Әділет министрлігі 2022 жылғы заңнамалық өзгерістерден кейін азаматтардың тегі, аты және әкесінің атын өзгерту туралы жеке құжат айналымнан шығарылғанын хабарлады.
Мемлекеттік тіркеу түрі азаматтардың тегі, аты, әкесінің аты өзгергеніне емес, туу туралы куәлікке, неке қию немесе неке бұзу туралы құжаттарға қандай өзгерістер енгізілгеніне байланысты көрсетіледі, – деп түсіндірді ведомство.
Осыған байланысты АХАТ бөлімдері Т.А.Ә өзгерту бойынша жеке азаматтық хал актісін тіркемейтін болып шықты.
Атын немесе тегін қандай жағдайда өзгертуге болады?
Министрлік Кодекстің 257-бабына сәйкес азаматтар 16 жастан бастап өз аты-жөнін өзгертуге өтініш бере алатынын мәлімдеді.
Мұндай өзгерістер дәлелді себептер болған жағдайда ғана жүргізіледі.
Олардың қатарында:
- аты, әкесінің аты немесе тегінің оғаш естілуі;
- айтуға қиын болуы;
- құжаттағы атынан бөлек, өмірде қалыптасқан есімді қолдану ниеті;
- некеге дейінгі тегін қайтару және басқа да себептер бар.
Министрлік тіркеуші органдар өтініштерді жеке негізде қарайтынын атап өтті.
Ұлтты өзгертуге бола ма?
Ведомствоның мәліметінше, баланың ұлты ата-анасының ұлтына қарай анықталады. Егер ата-анасының ұлты әртүрлі болса, жеке куәлік немесе паспорт алу кезінде бала әкесінің немесе анасының ұлтын таңдауға құқылы.
Кейін ұлтты өзгерту тек ата-анасының екінші ұлтына ауысу арқылы ғана мүмкін болады, – деп хабарлады министрлік.
Статистика неге берілмеді?
Редакция аты-жөнін өзгерткен азаматтардың статистикасын сұратқан болатын. Алайда министрлік мұндай мәліметті ұсыну мүмкін емес екенін мәлімдеді. Соған қарамастан ведомство анықтама ретінде 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2022 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы деректерді жолдаған.
Осы кезеңде барлығы 29 853 адам аты-жөнін өзгерткен.
Оның ішінде:
– әйелдер арасында тегін өзгерткендер – 17 101, атын өзгерткендер – 3 038;
– ерлер арасында тегін өзгерткендер – 5 548, атын өзгерткендер – 1 788.