Бұрын жарапазанды қалай айтқан, қазір қалай айтып жүр? Этнограф жауабы

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Айлардың сұлтаны — Рамазан айы бел ортасынан асты. Осы айда жастар да, балалар да қазақ ұлттық фольклорының бүгінге жеткен өлеңі — жарапазан жырын айтады. 

Жарапазан — тұрмыс-салт жырларының ішінде бала күнімізден құлағымызға сіңіп, сөзі мен әуені жадымызға жатталып қалған жыр. Бүгінде жарапазанды «жарамазан» деп айтатындар да бар. Заман ағымымен тұрмыс-салт жырының әуенін де, сөзін де өзгертіп, бүгінге бейімдеп айтып жүргендер де кездеседі. Бұл дұрыс па? «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының аясында осы мәселенің дұрыс-бұрысын айыру үшін этнограф, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрімізді насихаттаушы, М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың Педагогика және мәдениет факультеті «Театр және эстрадалық шығармашылық» кафедрасының аға оқытушысы Майра Ақтөреқызы Ормолдаевамен аз-кем сұхбат қылдық. 

— Майра Ақтөреқызы, қазір жарапазан деп те, жарамазан де айтады. Бұл қалай?

— Негізі «жарапазан» деп аталған. Қазір тілдік қолданысқа сай әр өңірдің өзіндік мәдениеті, диалектісі, өңірлік салт-дәстүрінде өзгешелік бар. Сол сияқты әр өңірде әртүрлі айтылады. Мысалы, біздің оңтүстікте ауа-райы өте жылы. Осы себепті адамдардың мінезі де, сөз сөйлеуі де жұмсақ келеді. Сондықтан біз «жарапазан» демейміз, «жарамазан» дейміз. 

— Қазір жарапазан мәтінін де, әуенін де өзгертіп, басқа сарында айтатын адамдарды көріп жүрміз. Жалпы ертеде жарапазанды қалай айтқан?

— Әрбір орындаушы жарапазан жырының мән мағынасын, оның қызметін түсінсе екен. Қазір жарапазан жырын айтушылар көп қатеге бой алдырады. Жарапазан тек 30 күн ораза уақытында айтылатын ғұрыптық тұрмыс салт жыры. Өте ертеде қалыптасқан жыр. Біз сол жарапазанмен өстік. Қазір заман ағымына, ортаның талабына қарай жырдың мәтіні мен әніне өзгеріс енді. Соңғы кезде жарапазанды жеңіл, ойнақы, әртүрлі тойда билейтін эстрадалық әндердің әуеніне салып айтып та жүр. Мен оған қарсымын. Бұл — менің жеке пікірім. Рамазан айы — жылына бір-ақ рет келетін, мың айдан да қадірлі, қастерлі Қадір түні бар ай. Ал жарапазан үш түрлі бөлімнен тұрады. 

Бірінші жартысында келіп тұрған үй иесін мадақтайды, екінші жартысында бұл ораза ұстаудың қадір-қасиеті жайлы айтылады. Ал үшінші жартысында бата беріп аяқтайды.

Рамазан айы — жәннат есігі айқара ашылатын ай дейміз. 30 күн ораза ұстаған адамды төзімділікке, сабырлыққа, ынсапқа және береке-бірлікке шақыратын ай. Жарапазанның мәтіні соны дәріптейтін болу керек. Ол басқа бір отбасылық мерекелерде айтылмайды. Тек осы Рамазан айында айтылады. Сонымен қатар діни ұстанымымызды, намаздың қадір-қасиетін дәріптеп, ораза ұстаудың адам денсаулығына пайдасын да түсіндіретін мәтін болу керек. Сонда бұл жырдың тәрбиелік мәні де өте жоғары екенін ұғынар едік. Өкінішке қарай, қазіргі жарапазан жырында мұндай мәтін қолданыла бермейді. 

— Қазір жарапазанды күндіз айтатындар да кездеседі. Бұл дұрыс па?

— Қазір жарапазан айтудағы басты өзгерістің бірі — жырдың күндіз де айтылып жүргені. Мысалы күндіз базарға барсаңыз, мойнына қоржын салып алып, домбыра мен баян тартып, тапа-тал түсте жарапазан айтып жүретін жігіттерді көресіз. Негізі жарапазанды сәресіге жақындағанда «ораза ұстаған адамдарды ұйықтап қалмасын» деп ояту мақсатында айтатын. Мәтінде жеңге мен қайын арасындағы қазақи әзіл-қалжыңға құрылған сөздер де болатын. Яғни сол үйдің иесін, ағасын мақтаған сөздер кездеседі. Ал қазір күндіз де айта береді. Бұл дегеніміз — жырдың мән-мағынасын түсінбеу ғой. Тіпті кішкентай балалар, автобуста айтады. Көлікте келе жатып бағдаршамға тоқтасаң, жол қауіпсіздігін елемей, көліктің жанына келіп айтады. Мұның бәрін ретке келтіруіміз керек. Себебі етек-жеңімізді жинап, тәуелсіздігімізді алып, ел болғанымызға 30 жыл толды. Мұндай маңызды жырдың дұрыс нұсқасын келер ұрпаққа ақ-қарасын айырып жеткізуіміз керек. Ораза ұстаудың жөн-жоралғысын осы жырдың мәтінінде қолданса, ең әуелі ауыз бекіткен адамдар үшін пайдалы болар еді. 

— Рамазан айында жарапазан айтуды табыс көзіне айналдырады. Бұған көзқарасыңыз қандай?

— Егер жыр дұрыс орындалса, табыс табудың әбестігі жоқ. Мысалы менің үйіме сәресі уақытында келіп, керемет жарапазан айтып жатса, ештеңемді аямай, иығына шапан да жауып жіберер едім. Мұның байыбына бара алатын адамдардың үйіне барса, ешкім аянып қалмайды. Егер жөнін, жолын білсе қазірдің өзінде жақсы табыс тауып кетуге болады. Қазір енді адамдар сәресі уақытында біреудің үйіне баруға ыңғайсызданатын шығар. Ол кісі үйінде болмай қалуы мүмкін деп те ойлайды. Бәрімізде телефон бар. Сол арқылы өзің барғың келетін «уақытта үй иесі үйде бола ма, жоқ па екенін сұрап біліп алғанда тұрған ештеңе жоқ» деп ойлаймын. Иә, табыс көзіне айналдырсын, бірақ ізденіп, тарихын біліп, мән-мағынасын түсініп барып айтса екен. Жарапазанды табыс көзіне айналдырған жастар осы жағына көбірек мән берсе деген өтінішім бар. 

— Ал енді осы жарапазан жырын дұрыс айтуды насихаттау үшін не істеуге болады?

— Егде буын, ата-әжелер жарапазан жырының дұрыс нұсқасын қазіргі жастарға дәріптеуіне болады. Мұны өз мысалымнан айтайын. Біздің көшеде ауызашар уақытында кішкентай балалар үй аралап, жарапазан айтып жүреді. Сол кезде бірінші олардың жырын тыңдап, кейін үйге кіргізем. Кімнің баласы екенін, қайда тұратынын сұраймын дегендей. Қазіргі балалар «ақ тауық, көк тауық, қырман шашар ей, алып шық-алып шық, ақ табаққа салып шық» дегеннен басқа сөз білмейді. Олардың қолына ақша беріп тұрып, «сен келесі жолы батаны жақсылап үйреніп келсең, бұдан да көбірек беремін» деп айтып жіберемін. Қазіргі балаларды қызықтырудың басқа жолы да жоқ сияқты. Келесі жолы ол бала көбірек ақша алу үшін батаны жаттап келеді. Сол жолы оған жарапазанның құрылымын айтып, келесіде сол бойынша айтып келуін тапсырамын. Егер үлкендер үйге жарапазан айтып келген әр балаға осылай түсіндірсе, балалар да тырысар еді. Қоғам не нәрсенің болсын жеңіл жағын қабылдап алады. Жарапазан жырын жеңіл әуенге салып айтылуы да сол себепті шығар. Бұл өсіп келе жатқан өрендер санасына тез сіңуі мүмкін. Біз университетте «Мерекелік салт-дәстүр» пәнін оқытамыз. Сол пәнде «салт деген не, дәстүр деген не, әдет деген не, ғұрып деген не» екенін үйретеміз. Әрқайсысының бөлек анықтамасы бар. Жарапазан мұның ішінде ғұрыпқа жатады. Яғни мұның діни әуені бар. Біз содан ауытқымауымыз керек. Жарапазанды діни әуенге салып, үш бөлігін де ескеріп, мәтінге аса мән беріп орындаса болашақ ұрпаққа дұрыс насихатталар еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы