"Бұрын-соңды болмаған". Трансплантацияланған жатырдан бала дүниеге келді

Ұлыбританияда 36 жастағы Грейс Дэвидсон әпкесінің жатырын салдыртып, дені сау қыз бала дүниеге әкелді, деп хабарлайды BAQ.KZ The Guardian-ға сілтеме жасап.

Ұлыбританияда бұрын-соңды болмаған ерекше медициналық оқиға тіркелді. Лондонда тұратын 36 жастағы Грейс Дэвидсон өзінің әпкесінен алынған жатырды трансплантациялап, сол арқылы ана атанды.

Грейс сирек кездесетін Майер-Рокитанский-Кюстер-Хаузер синдромымен (MRKH) дүниеге келген. Бұл диагнозбен өмірге келген әйелдердің жатыры мүлде болмайды немесе жетілмей қалады. Алайда олардың аналық бездері қалыпты жұмыс істеп, гормондар мен ұрық жасушаларын өндіре береді. Бұл ЭКО (экстракорпоральді ұрықтандыру) арқылы жүкті болуға мүмкіндік береді.

Грейс ұзақ жылдар бойы ана болуды армандаған. Алғашқыда анасының жатырын алуға ниеттенгенімен, медициналық тұрғыдан үйлеспейтіні анықталды. Кейіннен дәрігерлер оның 42 жастағы әпкесі Эмидің жатырын қолдануға болатынын растады. Эмидің екі баласы болғандықтан, ол әпкесіне көмектесуге шешім қабылдаған.

2023 жылдың ақпанында Грейске әпкесінің жатырын салу отасы жасалды. Арада екі апта өткенде әйелдің етеккірі басталып, жатырдың толықтай қабылданғаны белгілі болды. Кейін дәрігерлер Грейстің ЭКО арқылы ұрықтандырылған эмбриондарының бірін жатыр ішіне енгізіп, бірнеше айдан соң ол жүкті екенін жария етті.

Грейс пен оның жолдасы нәрестеге Эми Изабель деген есім берді. Бұл есім әпкесі Эмиге және отаны жасаған хирург Изабель Кирогиге алғыс ретінде қойылған. Қыз бала 2024 жылдың 27 ақпанында Лондонда, Королева Шарлотта мен Челси ауруханасында кесар тілігі арқылы дүниеге келді.

Қазір ерлі-зайыпты Грейстің тағы бір бала көтеруін жоспарлап отыр. Егер дәрігерлер рұқсат берсе, олар екінші баланы да дүниеге әкелуге дайын. Бұдан кейін жатыр алынып тасталады. Себебі иммундық жүйені басатын дәрілерді ұзақ қолдану – қатерлі ісіктердің даму қаупін арттырады. Ал жатырды алып тастаған соң, бұл қауіп жойылады.

Ота Imperial College Healthcare құрамындағы профессор, гинеколог-хирург Ричард Смит басқаратын командамен жасалды. Ол жатыр трансплантациясын зерттеумен 20 жылдан астам айналысып келеді. Барлық медициналық қызметкерлер бұл отаға тегін қатысқан. Ал отаның шығынын Womb Transplant UK қайырымдылық қоры өтеген.

Ұлыбританияда қазір онға жуық әйел ЭКО жасап, эмбриондарын сақтап отыр. Бұл – трансплантация бағдарламасына қатысудың негізгі шарты. Әр ота шамамен 30 мың фунт стерлинг тұрады. Қорда тағы екі ота жасауға жеткілікті қаражат бар. Клиникалық зерттеу аясында 15 жатыр трансплантациясы жоспарланған: бесеуі тірі донордан, қалғаны – қайтыс болған адамдардан.

Еске салайық, әлемдегі алғашқы жатыр трансплантациясы арқылы бала көтеру 2014 жылы Швецияда тіркелген. Бүгінге дейін әлемнің оннан астам елінде (АҚШ, Қытай, Франция, Германия, Үндістан, Түркия т.б.) 135-ке жуық осындай ота жасалып, 65 бала дүниеге келген.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: The Guardian
Өзгелердің жаңалығы