Бұрын алаңда айтылатын мәселелер қазір Парламентке көшті - Қазыбек Иса

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласына Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Президент жаңа ережемен сайланған VIII шақырылған Парламент Мәжілісі туралы да өз ойын келтіріп, орынды баға берген. Қазір 6 партия мен бір мандаттылар бас қосқан Мәжілісте елдегі барлық мәселе ашық талқылануда.  Айтылмайтын мәселе жоқ десе де болады. Бұрын алаңда айтылатын мәселелер Парламентке көшті. Шынында да, бұрын «Пәленше Парламентке өткенде, мәселелерді ашық көтеретін еді» дейтін саясаткерлердің бәрі қазір Мәжілісте. Мәселелер тек талқыланып қана қоймай, шетінен шешімдері де табылуда. Сондықтан да елдің сенімін иелену деңгейі бойынша дәстүрлі сауалнамада биыл Парламент Президенттен кейінгі екінші орынға көтерілді, - дейді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, биыл рухани-мәдени салада аталып өтетін іс-шаралар ұлт руханиятын арттырады.

Қаламгер ретінде сұхбаттағы ұлттық мүддеге, ұлттық құндылықтарға, ұлттық тарихымызға, ұлттық руханиятымызға үлкен басымдық беріліп, мемлекеттік идеологияның өзекті бағытына айналғаны көңіліме сенім ұялатты. Жалпыұлттық диалог алаңы – Ұлттық құрылтай биыл көктемде өтеді. Онда идеологиялық бағыттар, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, қоғамның жаңа құндылықтарын жаңғырту мәселелері талқыланады. Сонымен қатар Президент Бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының қазақ жерінде өтуі ұлттық спорттың мәртебесін көтеріп, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің насихатын күшейтетініне баса мән берді. Президенттің ұлттық бірегейлікті айшықтап, ел бірлігін нығайта түсу үшін қазақтың төл жаңа жылы – әз Наурызды ерекшелеп, мазмұнын байытып, жаңаша атап өтуді ұсынғанын қуана қолдаймыз. Рухани күш ұлттық мүддені қорғайды. Кеңес империясы бұдан бір ғасыр бұрын 1926 жылдан бері тойлауға тыйым салған Наурыз мейрамы елімізде алғаш рет 1988 жылы тойланды. Демек, биыл 36 жыл жоғары деңгейде тойланады деген ойдамыз, - деді Мәжіліс депутаты.

Бұған дейін Жазушылар одағында Президенттің «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты сұхбатына қатысты алқалы жиын өтіп жатқаны хабарланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы