Бұрын: "Адамға табын, жер, енді". Бүгін: "Адам, жерге табын"

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Адам, Жерге табын»: ғаламшарды сақтаудың негізі - жанданған экология» тақырыбында III Алматы Халықаралық Еуразия мәдениеттерін жақындастыру форумын өткізді.

Іс-шараны ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттер жақындасуы орталығы «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы» (2013-2022 жж.) аясында «Табиғат» экологиялық одағы, «Байтақ-Болашақ» экологиялық Альянсы, «Невада-Семей» Халықаралық Антиядролық қозғалысы және Алматы қаласындағы Францияның Бас консулдығымен бірлесе өткізді.

Форумның мақсаты- қазақстандық экологтардың, шетелдік экологиялық ұйымдардың орасан зор тәжірибесіне және БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сүйене отырып өскелең ұрпақты қоршаған ортаны қорғау мәдениетіне, таза ғаламшарды сақтау идеяларына, жер бетіндегі өмірдің қалыпты дамуы үшін салауатты экологиялық жағдайды сақтауға тәрбиелеу.

Айта кетейік, Еуразия мәдениеттерін жақындастыру форумына  Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоы Райымқұлова, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО жанындағы Мәдениеттер жақындасуы орталығының директоры Олжас Сүлейменов, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО Кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, "Табиғат" экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, Франция Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Алексис Шахтахтинский және басқалар қатысты.

Форумда экология мәдениеті мәселелері қаралды. Жастарға экологиялық тәрбие беру, қоғамда экологиялық сана және этика, жаңа экология мәдениетін қалыптастыру тақырыптары қозғалды. Бұл тұста мифология, дін, космология және көшпенділердің эко-экономикасында қоршаған ортаны игеру мен адам арасындағы қарым-қатынас маңызды. Сонымен қатар қазіргі экология дағдарысы кезінде қоғам мен табиғат арасындағы қатынасты үйлестіру мәселесі мен табиғи байлықтарды болашақ игілігі үшін сақтап, тиімді пайдалану туралы сөз болды.

«Климаттың өзгеруі және қоршаған ортаның ластануы» атты секцияда экологиядағы өзекті мәселелерге, климаттың өзгеруіне, қоршаған ортаның ластануына арналды. Сонымен қоса антропогендік əсер, экожүйені реттеу мен биологиялық алуантүрлілікті сақтауға арналды.

Халықаралық жиында ғаламшар экологиясын құтқаруда антиядролық қозғалыстың қосқан үлесі де атап өтілді. Арнайы секцияда жер шары экологиясын сақтауға, құтқаруға антиядролық қозғалыстың қосқан үлесі жайлы жауап берілді. Осы орайда радиация қауіп-қатерінің артуына байланысты бірқатар мәселелер: атом энергетикасы мен экология, Семей полигонынан зардап шеккен аумақтарды оңалту және дамыту, экология және медицинадағы оңалту бойынша өзекті бағдарламалар, генетика мен әлеуметтік қорғау саласы талқыланды.

Форум аясында белгілі француз фотожурналисі, «Құрмет легионы» орденінің кавалері Яна Артюс-Бертранның жеке көрмесі өтті.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы