"Бүркіт салу" санатында жеңімпазға автокөлік кілті табысталды

Құсбегіліктен өткен жарыстың «Бүркіт салу» санатындағы жеңімпазына автокөлік кілті табысталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Көшпенділер ойындары аясында «Құсбегілік» спорт түрі бойынша екі күн қатарынан өткен жарыс өз мәресіне жетті. Тартысты доданың қорытындысы бойынша ұлттық құрама спортшылары 2 алтын, 1 күміс, 3 қола медальді қанжығаларына байлады.

«Бүркіт салу» санатында бірінші орынды ұлттық құрама мүшесі Серікбек Күнтуған «Алғыр» құсымен иеленді. 2 жаттығу бойынша өткен тартысты бәсекеде екінші орынға «Заңғар» құсымен Ерзат Байқадамов шықса, «қола» медальді құсбегі Арман Қошқаров «Нарын» атты бүркітімен еншіледі.

«Қаршыға салу» санаты бойынша бірінші орынды «Найзатұяқ» құсымен астаналық Құдайберген Рауилұлы жеңіп алса, екінші орынға Қырғызстан спортшысы – Адильбек Құдайбердиев «Қарамоншақ» құсымен жайғасты. Ал ұлттық құрамамыздың тағы бір спортшысы – Бағдат Кеуенов «Сомбалақ» қаршығасымен қола медальді қанжығасына байлады.

«Ителгі салу» бойынша «алтын» және «күміс» медаль жүлдегерлері – Бакыт Шамуратулы және Түгелбай Абдыкадыров (Қырғызстан), «қола» медаль – ұлттық құрама мүшесі Бақдәулет Бабажанның еншісінде.

Ұлттық спорт түрін қолдау және насихаттау мақсатында дүбірлі додада құсбегіліктен Қазақстан қоржынына медаль салған ұлттық құрама мүшелеріне Федерация президенті Берік Уәлиден арнайы сыйлықтар қарастырылған болатын.

TAS Group компаниясы мен оның басшысы Дулат Тастекеевтің қолдауымен спортшылар ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Үшінші орын үшін Арман Қошқаров, Бағдат Кеуенов және Бақдәулет Бабажанға 300 мың теңгеден, екінші орын үшін Ерзат Байқадамовқа 500 мың теңге сыйақы берілді. Ал «қаршыға салу» санаты бойынша бірінші орын иеленген Құдайберген Рауилұлына 1 млн теңге табысталды.

Q4 Tulpar Auto компаниясының басшысы Талғат Сақановтың қолдауымен Федерация «бүркіт салу» санатында жеңімпаз атанған Серікбек Күнтуғанға автокөлік кілтін сыйға тартты. Сондай-ақ компания басшысы «бүркіт салудан» екінші орын алған жерлесі Ерзат Байқадамовқа да өзінің атынан темір тұлпар табыстады.

Бұдан бөлек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дирекциясының атынан жеке спорт түрлерінде жеңімпаздарға – бірінші орын үшін 500 мың теңге, екінші орын иеленгендер – 300 мың теңге, қола жүлдегер – 200 мың теңгеге арнайы сертификаттар табысталды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы