«Burkit» фильмі үлкен экрандарға жол тартты

Алматыда «Burkit» экшн-фильмінің премьерасы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Аталған фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» көмегімен түсірілген.

Кинокартинаның кейіпкерлері арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті, достық пен патриотизмді, адалдықты дәріптеуді мақсат етеміз. Актерлік құрам түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік қимылдарды үйренді. Тіпті басты кейіпкерлерге бір мезетте 3 мың метр биіктіктен тікұшақтан парашютпен секіруге тура келді. Ал бұл кадрды түсіру үшін операторлардың өздері де парашютпен секірді, - деді Ұлттық киноны қолдау орталығының басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали.

Туынды желісіне арнайы жасақта қызмет ететін үш жауынгердің достығы арқау болады. Олардың күнделікті міндеті – қауіпті қылмыстық топтарға қарсы тұру. Кинотуынды желісі бойынша сондай қылмыстық топқа қарсы текетірестің бірінде үш жауынгердің достығы сыналады.

«Бүркіт» фильміндегі негізгі тақырыптардың бірі – арнайы күштердің символына айналған «күрең берет». «Күрең берет» бас киіміне ие болу екінің бірінің қолынан келмейді. Бұл сынаққа мен деген жауынгердің өзі ойланып барады. Мемлекет қауіпсіздігі мен бейбіт тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін қылмыскерлерге тойтарыс беру осы арнайы мақсаттағы бөлімше сарбаздарына жүктелеген. Фильмнің түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника мен авиация, сондай-ақ екі жүзден астам мерзімді әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шаралары арқау болған картинаның кейбір эпизоды шынайы оқиғаларға негізделген, - дейді «Burkit» көркем фильмінің режиссері Данияр Ибрагимов.

Фильм көбіне Іле-Алатау Ұлттық паркінің көркем жерлерінде және Іле өзенінің жағасында түсірілген. Бұдан басқа Алматы және Қонаев қалаларында да күрделі-қойылымдық түсірілімдер өткен.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы