"Бүркіт" арнайы жасағына – 25 жыл

Биыл ҚР Ұлттық ұланы "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшесінің құрылғанына 25 жыл толды. Осы орайда арнайы жасақтың жұмысымен танысу үшін БАҚ өкілдеріне арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистерге бірінші 5573 әскери бөлімінің базасын макеті арқылы таныстырды. Арнайы әскери қойма, көліктер мен казарма орналасқан аумақ 21 га жерді алып жатыр.

БАҚ өкілдері Ұлттық ұландықтардың әскердегі өмірімен, жедел бригаданың әскери қалашығының инфрақұрылымымен және материалдық-техникалық базасын көрді. 

Арнайы әскери техника алаңына барып бронды көліктерді бақылап, атқаратын жұмысымен таныстырылды. 

Мұнда азаматтық көліктер де бар. Қазір лаңкестер жарылғыш дрондарды да жиі пайдалана бастауына байланысты жауынгерлерді кей жағдайда осындай азаматтық көліктермен тасымалдау әлдеқайда қауіпсіз екен. Қалада емін-еркін, тұрғындардың назарын аудармау үшін осы көліктер пайдаланылады.

Келесі бағыт кинолог мамандардың жұмысымен танысу болды. Мұнда 30-ға жуық арнайы дайындалған иттер бар. Олар лаңкестерді ұстауға, есірткі заттарын табуға, жарылғыш заттарды анықтауға көмектеседі. Иттер 6 айлық күшік кезінен қабылданып, 8 жылдай қызмет атқарады.

ҚР Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің киімі жылдың төрт маусымына сай жазғы, күзгі, көктемгі, қысқы болып бөлінеді. Қысқы киімнің өзінің 20 градусқа дейінгі және 20 градустан жоғары суық кезге арналған түрі бар. 

"Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшенің де киімі таныстырылды. Жаттығуға және арнайы әскери қызмет барысындағы киімдер бар. 

Киімдерінен бөлек қолданатын қару-жарақтары да көрсетіліп, анықтама берді.

Бізге осындай көп журналистің келгені бірінші рет. Біз ашық диалогты қолдаймыз. Сарбаздарымыз барында халық алаңсыз ұйықтай алады, елімізде бейбітшілік болады. "Отанды қорғау" деп аталатын қызмет бар. Біз оны еліміздің өркендеуі жолында орындауға дайынбыз!, - деді 5573 әскери бөлімінің командирі генерал-майор Аян Есжанов.

Іс-шара Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің шағын концертімен қорытындыланды. Онда Құрмет қарауылы ротасы да саптық дефиле көрсетті. Одан кейін БАҚ өкілдері әскери бөлімнің асханасына барып тамақтанып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаздардың қалай тамақтанатынын көріп қайтты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы