Бурабайдан Маңғыстауға дейін: Қазақстандағы ішкі туризм қалай өзгеруде?
2019-2025 жылдары Қазақстанда ішкі туристердің саны артып, орналастыру инфрақұрылымы кеңейді және туризм саласына құйылған инвестиция көлемі ұлғайды.
Ұлттық парктерге келушілер саны 2,6 есеге артты
2019 жылы Қазақстанның мемлекеттік ұлттық табиғи парктеріне 1,38 млн адам барса, 2025 жылы келушілер саны 3,6 млн адамға жетті.
Табиғи аумақтарға қызығушылықтың артуы экологиялық туризмді, жаяу туристік маршруттарды және табиғат аясындағы демалыс инфрақұрылымын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Қазақстанда туристерді қабылдау мүмкіндігі 25%-ға кеңейді
2019-2025 жылдары еліміздегі орналастыру орындарының саны 3 592-ден 4 482 нысанға дейін көбейді.
Олардың жалпы сыйымдылығы 181 мыңнан 233 мың төсек-орынға дейін ұлғайды. Бұл өңірлерде қонақүй, демалыс базасы және өзге де туристік нысандар желісінің кеңеюін көрсетеді.
Туризмге салынған инвестиция көлемі 2,5 есеге артты
2019 жылы туризм саласына 502 млрд теңге инвестиция тартылса, 2025 жылы оның көлемі 1,26 трлн теңгеге жетті. Тек 2025 жылдың өзінде жалпы құны 345 млрд теңгені құрайтын 95 инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.
Туристік орналастыру қызметтерінің көлемі 2,9 есеге өсті
2019-2025 жылдар аралығында орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 121 млрд теңгеден 350,6 млрд теңгеге дейін ұлғайды. 2025 жылы туризм саласынан түскен салық түсімдері 630 млрд теңгеге жетті. Бұл туризмнің экономикалық белсенділік пен өңірлік кәсіпкерлікті дамытудағы маңызын көрсетеді.
Туристік бизнесті дамытуға 7 мемлекеттік қолдау тетігі енгізілді
2022 жылдан бастап туристік кәсіпкерлікті қолдаудың жеті тетігі іске асырылуда. Олар туристік нысандарды салу және жаңғырту, туристік көлік пен жабдықтарды сатып алу, жол бойындағы сервисті дамыту және санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстау шығындарының бір бөлігін өтеуге бағытталған.
Туристік жобаларға 150 млрд теңге жеғңлдетілген қаржыландыру қарастырылды
2024 жылдан бастап Қазақстанның Даму банкі арқылы туристік жобаларды жылдық 7% мөлшерлемемен қаржыландыру бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаға 150 млрд теңге қарастырылған. Бұл ірі туристік кешендер мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндік береді.
Бес жылда өңірлерде 483 санитариялық-гигиеналық торап орнатылды
2021-2025 жылдар аралығында туристік аумақтарда және жол бойындағы қызмет көрсету орындарында 483 санитариялық-гигиеналық торап іске қосылды. Оның ішінде 2024 жылы 219, ал 2025 жылы 110 нысан орнатылды.
Бұл туристік бағыттардағы сервистік инфрақұрылымды жақсартуға бағытталған жұмыстардың бір бөлігі.
Жеті жылда ішкі туризм 3,37 млн адамға артты
2019 жылы еліміздегі орналастыру орындарының қызметін 5,29 млн ішкі турист пайдаланса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,66 млн адамға жетті. Осылайша, жеті жыл ішінде ел ішінде саяхаттайтын азаматтар саны 3,37 млн адамға артты.
Еліміздегі туристік аумақтарды кешенді дамыту жұмыстары күшейтілді
2025 жылы Щучье-Бурабай курорттық аймағын, Маңғыстау туристік аймағын және Алматы тау кластерін дамытудың кешенді жоспарлары әзірленді. Құжаттар көлік және инженерлік инфрақұрылымды жетілдіруді, жаңа туристік нысандар салуды, қызмет көрсету сапасын арттыруды және инвестиция тартуды көздейді.
2029 жылға қарай ішкі туристер санын 11 млн адамға жеткізу жоспарлануда
Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарында ішкі туристер санын 11 млн адамға жеткізу міндеті белгіленген.
Осы мақсатта туристік саланы дамытудың жаңартылған тұжырымдамасы аясында алты бағыт бойынша 66 іс-шара қарастырылған.
Негізгі басымдықтар – инфрақұрылымды жетілдіру, инвестиция тарту, туристік өнімдерді дамыту және қызмет көрсету сапасын арттыру.