Бурабайда қоңыр күз

Бурабай курорты демалушылар арасында қай мезгілде болмасын танымал. Күзде демалыс аймағы ерекше түске енеді. Оны қыркүйек айының аяғы мен қазан айының ортасына дейін тамашалап үлгеруге болады, - деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Baq.kz редакциясы Бурабай курортына саяхаттап, орман ішімен жүріп, «алтын» күзді суреттер арқылы тамашалауға шақырады.

Бурабай курорты елордадан 250 шақырым жерде орналасқан.

Оған жеңіл көлікпен де, пойызбен де жетуге болады. Егер көлікпен шықсаңыз, жолға шамамен 3 сағаттай уақыт кетеді.

Курортқа жетсең соң немен айналысуға болады? Оны алдын ала жоспарлап, өз бағытыңызды құрып алуға болады.

Жаздан басқа мезгілдің бәрінде Бурабайда турист саны айтарлықтай азаяды. Себебі көлге түсетін маусым күн суығында аяқталады.

Десе де, әр турист өзіне қызық бағытты таңдай алады. Мысалы, көл жағасымен жүріп, қоңыр күзді тамашалауға болады.

Оған қоса, ауа райы қолайлы болса, жағажайдағы катамарандарды жалға алып, Жұмбақтасқа дейін серуендеуге болады.

Сонымен қатар Бурабайдың орталығындағы көшеден велосипед де жалға беріледі.

Курортта туристер үшін тур ұйымдастыратын туристік агенттіктердің байланыс нөміріне хабарласып, Бурабайдың тарихи жерлерін аралауға да мүмкіндік бар.

Бурабайға барған әр турист Бөлектауға көтерілуі керек деп есептейміз. Өйткені таудың ең биік шыңынан бәріміз интернеттен көріп жүрген көрініс ашылады.

Тауға көтерілгенде естелікке суретке түсерде абай болу керек. Бастысы – қауіпсіздік.

Бұдан бөлек, Бурабайда тағы бір қарау алаңы бар. Ол шамамен 135 метр биіктікте орналасқан. Тауға көтерілуге 30 минуттай уақыт кетеді.

Біз түсірген фотолар Бурабайдың бар әсемдігін жеткізе алмайды. Десек те, «алтын» Бурабайды көрген де арманда, көрмеген де арманда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы